Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында ҚазҰУ Студенттер сенатының ұйымдастыруымен өтетін дәстүрлі «Ана тілі аруы – Жігіт сұлтаны-2015» байқауы өз мәресіне жетті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен «Ана тілі» газетінің бірлескен жобасы болып табылатын дүбірлі байқаудың басты мақсаты ұлттық құндылықтарды ұлықтау, салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды, мәдениетімізді насихаттау және жастардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына, рухани дамуына әсер ету болып табылады.
Екі айға созылған сайыстың алғашқы кезеңіне 400-ге жуық үміткер қатысып, екінші турға олардың 70-і ғана жолдама алған болатын. Ал байқаудың финалына бағы мен бабы қоса шапқан 10 ару, мен 10 жігіт іріктеліп алынды. Атап өтерлігі, ақтық сынға дейін арулардың өз қолдарымен дайындаған ұлттық тағамдарынан ауқымды жәрмеңке өткізу үрдіске айналған. Жиналған қаржы жетімдер үйіне арнайы ұйымдастырылған іс-шараларға жұмсалады. Биыл да осы игі дәстүр өз жалғасын тауып, жастардың үлкен қолдауымен жүзеге асты. Жігіттер өз кезегінде ұлттық спорт түрлері бойынша сынға түсті. Жоба барысында тек әсемдік пен кербездікке ғана емес, үміткерлердің бойындағы инабаттылық, ізеттілік және сол сияқты адами қасиеттер, ұлттық дәстүрлерді білуі назарға алынды.
Сайыста қатысушылар өзін-өзі таныстыру, сұрақ-жауап, өнер сайысы және сән үлгісі сынды бөлімдерде өздерін әр қырынан танытты десек артық айтқандық емес. Аса тартысты өткен кеште «Ана тілі» газетінің бөлім редакторы Дәуіржан Төлебаев, «Қазақстан барысының» күміс медаль иегері Руслан Әбдіразақов, «Brosh» аксессуарлар галереясының директоры Ольга Ким, әнші, композитор Әли Оқапов, Халықаралық дәрежедегі визажист Санди Бексырға, «Inmode» сән галереясының жетекшісі Гүлнұр Булусова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тәрбие жұмысы жөніндегі департаментінің директоры Меңдігүл Ноғайбаева, «Turkvision 2015» байқауының жеңімпазы, күйші Нұржан Тәжікенов және ҚазҰУ Студенттер сенатының төрағасы Алмас Маратұлынан құралған қазылар алқасы төрелік етті.
Таныстыру сайысынан-ақ қатысушыларымыздың үлкен дайындықпен келгендігі байқалды. Бірі өзін әнмен таныстырса, енді бірі домбыраның сүйемелдеуімен сәлемдесуді жөн көрді. Сұрақ-жауап бөлімінде арулар мен сұлтандар Қазақ хандығының 550 жылдығына, қазақ халқының мәдениетіне, ақындар мен жазушылардың өміріне қатысты арнайы дайындалған сұрақтарға жауап берді. Қатысушыларға «Green Campus», «Айналаңды нұрландыр», «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап», «Al-Farabi university – smart city» жобалары аясында да сұрақтар қойылды.
«Өнерім – өмірім» деп аталатын үшінші сайыста үміткерлеріміз көрерменді үздік өнерлерімен тамсандырды. Тамылжыған әсем ән мен толғау, күмбірлеген күй, мың бұралған бишілердің үнді, сыған, ретро билері сахнаның көркін қыздырды. Сайыста суретшілер де, жас ақындар мен актерлік шеберлігі бар жастар да танылып, цирк өнері мен ұлттық аспаптармен сүйемелденген заманауи музыка баршаның көңілінен шықты.
Қонақ ретінде шақырылған қазақ эстрадасының орындаушылары да өз өнерлерімен көрермендерді бір қуантып тастады. Олардың қатарында жүргізушілік тізгінін ұстаған журналистер Асхат Садырбай мен Әния Байоразова да бар. Ал дүйім жұртқа әсем әнін арнауға «Лашын» дуэті, «Арай»,«Сарын» топтары және «Қазақстан дауысы» жобасының финалисі Индира Еділбаева келді.
Байқау қорытындысы бойынша, химия және химиялық технологиялар факультетінің студенті Ақмарал Жалдыбай «Sandi Beksirga аруы» атанды. Ал «Brosh» аксессуарлар галереясының арнайы ұсынған «Brosh аруы» номинациясын физика-техникалық факультетінің аруы Аэлита Қобдабаева иеленді. Жобаға демеушілік көрсетіп отырған серіктестердің бірі Inmode сән орталығы даярлаған «Inmode аруы» номинациясын филология және әлем тілдері факультетінің студенті ҰлданаЖұмаханға Гүлнұр Булусова арнайы табыстады. Жобаның тағы бір серіктесі «Dostik travel» туристік компаниясының ұсынуымен өткізілген SMS дауыс беру байқауының жеңімпазы философия және саясаттану факультетінің аруы Гүлжайна Әнуарбекова Дубайға жолдаманы иеленді. Жүйріктердің жарысында оза шапқан арулар мен сұлтандар арасында III орынды биология және биотехнология факультетінің аруы Ұлжан Жақан мен филология және әлем тілдері факультетінің сұлтаны Қондыбай Медет иеленсе, II орынға экономика және бизнес жоғары мектебінің аруы Айгерім Ермұханбетова мен аталған факультеттің сұлтаны Серік Сүлейменов лайықты деп табылды. Байқаудың I дәрежелі дипломдарымен химия және химиялық технологиялар факультетінің аруы Найля Валиева мен механика-математика факультетінің сұлтаны Жандос Жолекен марапатталды.
Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтайтын бұл аламан бәйгенің нағыз жеңімпаздары да осы кеште анықталды. Сонымен, «Ана тілі аруы» байқауының бас жүлдесін филология және әлем тілдері факультетінің 3-курс студенті Әсел Жутаева иеленсе, «Жігіт сұлтаны» болып география және табиғатты пайдалану факультетінің 2-курс студенті Дәулет Тоқтар атанды. Бас жүлде иегерлеріне «Ана тілі аруы – Жігіт сұлтаны-2014» байқауының жеңімпаздары Еңлік Әбдіқадыр мен Ақниет Жұбанышев арнайы тәж бен белбеуді салтанатты түрде табыстады. Жеңіс тұғырынан көрінген Әсел мен Дәулет қуаныштарын бөлісіп, өз факультеттері мен университетке, осы жобаны ұйымдастырған ҚазҰУ Студенттер сенатына алғыстарын білдірді.
Ұлжан ИБРАИМОВА,
Студенттік баспасөз орталығы