Ғарыш саласына көп көңіл бөлінуде
Қазақтың үшінші ғарышкері Айдын Айымбетов ҚазҰУ студенттерімен кездесті. Халық қаһарманы кездесу аясында ҚазҰУ-дың ғарыш саласында жеткен жетістіктерімен танысып, нано-лаборатория нен ғылыми-техникалық паркті, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы мен бірегей әл-Фараби кітапханасын аралады.
Кездесу студенттерге ғарышкермен еркін пікір алмасуға мүмкіндік берді. Әңгіме барысында ғарышқа ертерек шығу үшін азаматтықты ауыстыру мәселесі де сөз болды. «Қысқа жолды таңдаған адам мәреге бірінші жетеді деген сөз емес. Мен ғарышқа «Қазақстан азаматы» болып ұшатыныма сендім. Сондықтан Халықаралық ғарыш бекетіне жасалатын сапарды 22 жыл күттім, - деді де, Айдын Ақанұлы - Қазғарыш әлі де үлкен жетістіктерге көтеріледі», - деп нық сеніммен айтты.
«Қазақстан «космостық» державаға айналып келеді. Сондықтан біз, Қазақстан Республикасының ғарыш саласын дамытуға көп көңіл бөліп жатырмыз. Осы салада білікті мамандар дайындап, үлкен ғылыми жұмыстар жазып жатырмыз. Және бүгінгі таңда университет деңгейінде жасалған қазақтың алғашқы «Фараби 1» наноспутнигі ғарышқа шығуға дайын тұр. Алдағы уақытта салмағы 50 келі болатын микроспутникті ғарышқа шығару жоспарда бар», - деп әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов университеттің Қазақстанның ғарыш саласының дамуына қосып жатқан үлесін атап өтті.
Ғарышкер студенттерге ҚазҰУ ғалымдары әзірлеген ғылыми тәжірибе нәтижелері туралы да баяндады.
Кездесу соңында Халық қаһарманы, «Қазғарыштың» тұңғыш ғарышкері Айдын Айымбетовке әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің 80 жыл жылдығына арналған мерейтойлық төсбелгі табысталды және ҚазҰУ базасында жұмыс жасайтын студенттердің бизнес инкубаторында дайындалған ғарышкердің портреті естелікке сыйға тартылды.