ТДМ-4: Студенттерге тегін тамақтану талондары берілді
Оқу ордамызда білім алушы жастар мен қызметкерлер ұжымы үшін оқу ғимараттары мен қалашықта пайдалы әрі қолжетімді бағада түрлі тамақ өнімдері мен сусындар қоры мол асханалар мен кофеханалар желісі және шағын дүкендер жұмыс жасайды.
ҚазҰУ Біріккен ұлттар ұйымының 17 тұрақты даму мақсатын кең түрде насихаттауда әрі оны жүзеге асыруда үздіксіз еңбектенуде. Соның бірі ретінде оқу ордамызда әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және денсаулығы бойынша І, ІІ, ІІІ топқа жататын мүмкіндігі шектеулі білім алушыларға, сонымен қатар оқуда озат, университеттің қоғамдық жұмыстарында белсенді әрі түрлі сайыстар мен жарыстарда университет мәртебесін жоғарлатып жүрген білім алушы жастарымызға тегін бір реттік тамақтану талондарын беретінін айта аламыз.
Биылғы оқу жылының қазан айы бойы бір реттік тегін тамақтану талондары оқу ордамыздың 70 білім алушысына берілді. Олардың қатарында жоғарыда аталған топтарға жататын білім алушы жастарымыз бар. Ал қараша айы бойы бір реттік тегін тамақтану талондары оқу ордамыздың 100 білім алушысына беріледі.