Түркістан

23 қараша, 2015

Ғарышқа Қазақстан азаматы ретінде ұшатыныма сендім...

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғарыштық технология дайындау бойынша әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттердің бірі. Оның бір дәлелі күні кеше аспан әлемін бағындырып келген ғарышкер Айдын Айымбетовтің ұшу бағдарламасына енген «Кулонов плазмалық кристалы» университеттің ғарыш саласындағы алғашқы ғылыми тәжірибесі деуге болады.

Осы еңбектің авторы, профессор Тілекқабыл Рамазановтың айтуынша, ғарышта алынған нәтижелер ғаламшардың пайда болу құпиясына үңілуге тамаша мүмкіндік сыйлайды.

Тәжірибені жүзеге асырған қазақтың үшінші және «Қазғарыштың» тұңғыш ғарышкері Айдын Айымбетов таяуда Халықаралық Ғарыш Бекетіне (ХҒБ) жасаған сапарына байланысты ҚазҰУ студенттерімен кездесті. Халық қаһарманы кездесу аясында ҚазҰУ-дың ғарыш саласында жеткен жетістіктерімен танысып, нанолаборатория мен ғылыми-техникалық паркты, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы мен бірегей әл-Фараби кітапханасын аралады.

Кездесу студенттерге ғарышкермен еркін пікір алмасуға мүмкіндік берді. Әңгіме барысында ғарышқа ертерек шығу үшін азаматтықты ауыстыру мәселесі де сөз болды. «Қысқа жолды таңдаған адам мәреге бірінші жетеді деген сөз емес. Мен ғарышқа «Қазақстан азаматы» болып ұшатыныма сендім. Сондықтан Халықаралық Ғарыш Бекетіне жасалатын сапарды 22 жыл күттім, - деген Айдын Ақанұлы: - «Қазғарыш» әлі де үлкен жетістіктерге көтеріледі», - деп нық сеніммен айтты.

«Қазақстан ғарыштық» державаға айналып келеді. Сондықтан біз, Қазақстан Республикасының ғарыш саласын дамытуға көп көңіл бөлудеміз. Осы салада білікті мамандар дайындап, үлкен ғылыми жұмыстар жазылуда. Және бүгінгі таңда университет деңгейінде жасалған қазақтың алғашқы «Фараби 1» наноспутнигі ғарышқа шығуға дайын тұр. Алдағы уақытта салмағы 50 келі болатын микроспутникті ғарышқа шығару жоспарда бар», - деп әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов университеттің Қазақстанның ғарыш саласынын дамуына қосып жатқан үлесін атап өтті.

Сонымен қатар, ғарышкер студенттерге ҚазҰУ ғалымдары әзірлеген ғылыми тәжірибе нәтижелері туралы да баяндады. «Мен нақты нәтижеге қол жеткізу үшін ұйқыға бөлінген уақытта бір ғана ғылыми тәжірибені бірнеше рет жасадым», -деді Айдын Ақанұлы. Сол арқылы ұжымдық жұмыстың жауапкершілігі тұрғысынан студенттерге жақсы үлгі болды. Және де асқақ армандар тек жігерлі адамдарда ғана жүзеге асатындығын тағы бір дәлелдегендей болды.

Кездесу соңында Халық қаһарманы, «Қазғарыштың» тұңғыш ғарышкері Айдын Айымбетовке «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға 80 жыл» мерейтойлық төсбелгісі табысталды және ҚазҰУ базасында жұмыс жасайтын студенттердің бизнес инкубаторында дайындалған ғарышкердің портреті естелікке сыйға тартылды.