Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы Корейтану апталығы
2015 жылдың 16-20 қарашасы аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасында дәстүрге айналған «Корейтану апталығы» өтті.
«Корейтану апталығының» ашылу салтанатында ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар бойынша деканның орынбасары, филол.ғ.к. Р.Е.Құдайбергенова мен корейтану бөлімінің меңгерушісі, профессор Ли Бенг Джо құттықтау сөз сөйледі.
«Корейтану апталығын» өткізудің мақсаты – бір апта ішінде әртүрлі іс-шараларға қатысу арқылы корейтану саласында маманданып жүрген студенттер мен оқытушылардың Корея туралы түсініктерінің деңгейін көтеру. Студенттерге Кореяның тарихымен, салт-дәстүрлерімен және мәдениетінің тағы да басқа қырларымен танысуға, сондай-ақ, Кореяның ресми өкілдерімен сұхбатасуға мүмкіндік берілді.
«Корейтану апталығының» соңғы күнінде, яғни 2015 жылдың 20 қарашасында Елші сағаты өткізілді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры М.М.Бүркітбаев пен шығыстану факультетінің деканы Б.Н.Жұбатованың ресми құттықтау сөздерінен кейін Қазақстандағы Корея Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Чо Ёнгчон «Корей түбегінің бірігуі» тақырыбында оқытушылар мен студенттерге арналған дәрісін оқыды. Дәріс соңында студенттер Төтенше және Өкілетті елші мырзаның дәрісін қызу талқылап, көптеген сұрақтар қойды.
Сондай-ақ, аталған іс-шараға Қазақстандағы Корея Республикасының Бас Консулдығының Бірінші хатшысы Ким Джун мырза, Қазақстандағы Корея Республикасының Бас Консулдығының Кеңесшісі Ли Сок Юн мырза, Алматыдағы Корея Республикасының Ағарту орталығының директоры Ким Джон Иль мырза қатысты.
Елші сағатының соңында корей тілін білу деңгейін анықтауға арналған сайысқа қатысқан корей бөлімі студенттерін марапаттау рәсімі болды. Кездесу студенттер ұйымдастырған шағын концертпен аяқталды.