Тағдыры бір дастан, жазылмаған тарих, өшпес өнеге...

27 қараша, 2015

Өмірден көргені мен түйгені көп, ала­ры­нан берері мол қарттарымыз біз үшін баға жет­пес байлық емес пе? Жас­тай­ы­нан тағдырдың тауқыметін көріп өскен ақсақалдарымыз бен ақ жаулығы желбіреген әжелеріміздің айтқан әрбір сөзі біздің өмірімізді түбегейлі өзгертіп, қиындыққа қарсы тұрар ба­с­ты қаруымыз бо­ла ала­ды. Біз со­лай деп бағалаған қадірлі ата-әжелеріміздің ғұмыры қарттар үйінде өтіп жатқандығы өте ая­ныш­ты жағдай.

«Айналаңды нұрландыр» жобасының аясында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің физика-техникалық факультеті «Стандарттау, сертификаттау және метрология» мамандығының 4-курс студенттері Алматы қаласындағы Мамыр-7 ықшам ауданында орналасқан «Ардагерлер үйіне» барып қайтты.

Жылуфизика және техникалық физика кафедрасының студенттері мен оқытушылары осы «Ардагерлер үйі» тұрғындарына соңғы 3 жылда әр түрлі көмек көрсетіп тұрды.

Бұл үй мұңды көздерге, сарғайған сағынышқа, ұқсас тағдырларға, өзекті өртер өкінішке толы. Бұл – қатты жүректі жібітетін, ұйықтап жатқан мейірім мен адамгершілікті оятатын орын. Мұндағы әр ата-әженің тағдыры бір дастан, жазылмаған тарих, өшпес өнеге.

Студенттер «Ардагерлер үйіндегі» қарттарға ерекше құрмет көрсетіп, қол ұшын созып, әр түрлі көмек көрсетті, соның ішінде тазалық іс-шараларына белсене атсалысты.

Ардагерлер үйінің басшылығы мен осы үйді пана еткен қариялар студенттерге шын жүректерінен алғыстарын айтып, ризашылық лебіздерін білдірді.

Өзгеден үміт күтсе де, өзегінен тепкен балаларынан үміт күтпейтін қарияларымызға әрдайым жанашыр болып, қол ұшын созуға даяр болайық!

Мухаева С., Стандарттау, метрология және сертификация мамандығының 4-курс студенті

Максутханова А.М.,жылуфизика және техникалық физика кафедрасының аға оқытушысы