ҚазҰУ басшысы шетелдік ректорлармен кездесу өткізді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев QS Higher Education: Asia Pacific 2024 пре-саммитіне қатысуға келген бірқатар шетелдік ЖОО ректорларымен жеке кездесулер өткізді.
Алдымен оқу ордасының басшысы Әзірбайжан сәулет және құрылыс университетінің ректоры Гүлчохра Мамедованы қабылдады.
Кездесу барысында ректор Гүлчохра Мамедоваға ҚазҰУ-дың жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы баяндады. Өз кезегінде Әзірбайжан сәулет және құрылыс университетінің ректоры ілтипат білдіргені үшін Жансейіт Түймебаевқа ризашылығын білдіріп, өзара серіктестіктің жемісті боларына сенім білдірді. Кездесу соңында ынтымақтастықты арттыру бойынша екіжақты келісімге қол қойды.
Кейін ҚазҰУ басшысы Малайзиядағы Кебангсаан университетінің про-вице канцлері Росли Раджиканмен келіссөз жүргізіп, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқытушылар мен студенттер алмасу жұмыстарын жандандыруға келісті. Жансейіт Түймебаев Росли Раджиканға QS пре-саммитіне қатысуға арнайы келгені үшін алғыс білдірді. Өз сөзінде Кебангсаан университетінің про-вице канцлері ҚазҰУ-мен гуманитарлық, математика және физика салалары бойынша серіктестікті арттыруға дайын екенін жеткізді.
Сонымен қатар білім ордасының басшысы Баку мемлекеттік университетінің ректоры Елчин Бабаевпен жүздесіп, ғылым мен жоғары білім саласындағы ынтымақтастық келешегін талқылады. Тараптар ғылыми кадрлар даярлау, бірлескен қосдипломдық білім беру бағдарламаларын әзірлеу және ортақ ғылыми конференциялар ұйымдастыру мәселелері бойынша әңгімелесті.
Әзірбайжан мемлекеттік экономикалық университетінің ректоры Адалат Мұрадовпен кездесуінде ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев бірлесіп жұмыс жасауға және серіктестікті арттыруға бағытталған барлық бастамаларды жүзеге асыруға уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі