Сумгаит мемлекеттік университетімен серіктестік артуда

4 қараша, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Сумгаит мемлекеттік университетінің ректоры Руфат Азизовпен кездесті.

Келіссөз барысында тараптар жоғары білім мен ғылым саласындағы серіктестікті кеңейту мәселесін талқылап, бірқатар ұсыныстарды ортаға салды. 

Жүздесуде білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев құрметті меймандарға ҚазҰУ Әзірбайжан жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән беретініне назар аударды. Сонымен қатар ректор қонақтарға оқу ордасының жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы ақпарат бере отырып, ғылыми инфрақұрылымымен таныстырды.

«Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Әзірбайжанның тоғыз жоғары оқу орны және ғылыми ұйымдарымен белсенді ынтымақтасады. Болашақта Сумгаит мемлекеттік университетімен тығыз байланыс орнатуға мүдделіміз. Бұған екі университеттің әлеуеті толықтай жетеді деп санаймын», – деді ректор.

Сөз соңында Жансейіт Түймебаев мамандарды бірлесіп даярлау, академиялық ұтқырлық бағдарламасын іске асыру, оқытушылардың біліктілігін арттыру бойынша әріптестікті дамытуды ұсынды.

Өз кезегінде Руфат Азизов ілтипат білдіргені үшін ҚазҰУ басшылығына ризашылығын білдіріп, серіктестікті арттыруға бағытталған барлық бастамалар мен ұсыныстарды қолдайтынын жеткізді.

«Сумгаит мемлекеттік университетінде жеті факультет және 42 кафедра жұмыс істейді. Бес мыңнан астам студент білім алады. Түрлі бағыттағы ғылыми орталықтар мен зертханалар орналасқан. ҚазҰУ-мен әріптестік байланысты жандандыруға әрқашан дайынбыз», – деді Руфат Азизов.

Келіссөз барысында бірлескен халықаралық конференциялар мен симпозиумдар өткізу және қосдипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар жасалды.

Кездесу соңында тараптар айтылған бастамаларды жоспарлы түрде іске асыруға уағдаласып, естелік сыйлықтармен алмасты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі