Алматы ақшамы

28 қараша, 2015

Қоғаммен байланыс жасау аса маңызды

Жаһандану заманында халық пен билікті бір-бірімен байланыста ұстау үшін екіжақты көзқараспен санасатын мамандар қажет. Мемлекет пен қарапайым жұртшылық арасындағы осындай дәнекерші мамандықтың бірден-бірі – «қоғаммен байланыс» мамандығы.

Инновациялық қоғамда өмір сүріп отырған кез келген мемлекет ақпараттық мамандықтар дайындайтын салаға аса үлкен мән беруі қажет. Қазақстанда PR мамандарын дайындау бес жыл бойы үзбей оқытылып, 2007 жылы жабылып қалған болатын. Экономика ғылымдарының кандидаты Жетпісбай Бекболатұлының мәліметіне сүйенсек, елімізде соңғы 15 жылда PR саласы қарқынды дами бастады. Бүгінде жұртшылыққа қызмет етіп жүрген мамандар саны бес мыңнан асады. Қазірде аталмыш сала мамандарын дайындауда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті аянбай еңбек етіп келеді. Қоғаммен байланыс пәнін оқыту әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің халықаралық журналистика кафедрасының студенттеріне 1997-1998 оқу жылынан бастап қолға алынды. 2000-2001 оқу жылы «қоғаммен байланыс» жеке мамандық ретінде оқу бағдарламасына енгізілді. Бұл орайда журналистика факультетінде білім алатын студенттер де «қоғаммен байланыс» пәнінен шет қалмай келеді. PR мен журналистика мамандықтарына ортақ нәрсе көп, мәселен оқуды тәмәмдаған жастар мемлекеттік мекемелерде, әр алуан меншік түріндегі кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдарда баспасөз хатшысы, жұртшылықпен байланыс жөніндегі кеңесші болып жұмыс істей алады. Осы мамандық бойынша білімін тереңдеткен түлектер еліміздің жағымды инновациялық бет-бейнесін қалыптастыру саласында жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады. Бұл, әсіресе, еліміздің экономикалық әлеуетінің артуымен тікелей байланысты. Елбасы жоғары дамыған 50 ел қатарына қосылу міндетін алға қойып отырған қазіргі таңда еліміздің бәсекелестік артықшылықтарын әлемдік деңгейде насихаттай білудің маңызы арта түсті. Сондықтан, инновациялық өркендеуді бетке алған елде бұл мамандық үлкен қолдауға ие болуы қажет.

Алматы қаласының 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасында да осы мәселені ескермесе болмайды деген ойдамын. Қаланың бет-бейнесін қалыптастыру барысында оның насихатталуы да ерекше маңызды деп білемін.