Патриоттық фестиваль өтеді
Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Жандану» экологиялық жобасы Білім және ғылым министрлігінің, Қазақстан Жазушылар одағының, «Жас Отан» жастар қанатының және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Мен жастарға сенемін!» атты студент жастардың үшінші патриоттық фестивалін өткізеді. Бұл шараға «Қазақ радиосы» мен «Нұрмедиа» холдингі ақпараттық қолдау көрсетіп отыр.
Фестиваль студент жастардың еліміздің болашағына деген патриоттық сезімі мен азаматтық жауапкершілігін, әлеуметтік белсенділігі мен рухын арттыруға бағытталған. Осы жиын барысында «Еліміздің инновациялық дамуына менің қосқан нақты үлесім» атты студенттік инновациялық әлеуметтік маңызы бар жобалардың, «Мен елімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» атты жазылған үздік студенттік эссенің, «Мен жастарға сенемін!» тақырыбындағы студенттік поэзиялық азаматтық-патриоттық шығармалардың және «Мәңгілік ел мұратым!» патриоттық ән байқауының қорытындысы шығарылады. Байқауға жұмыстар бір ай бойы қабылданған болатын.
Форум барысында қатысушылар тақырыптық пленарлық және шығармашылық секцияларға қатысады. Сонан соң беделді мамандардан құралған тәуелсіз сарапшылар әр байқау бойынша жеңімпаздар есімін жариялайды. Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өтетін гала-форумның салтанатты жабылу сәтінде жеңімпаздар мен қатысушыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылады. Айта кетерлігі, фес-тивальдің ең басты сыйлығы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу гранты жеңімпазға табысталады.