- Басты бет
- Әйелдер одағы
- «Қоғам дамуындағы әйел бейнесін қалыптастырудың заманауи тенденциялары» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел
«Қоғам дамуындағы әйел бейнесін қалыптастырудың заманауи тенденциялары» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел
2024 жылғы 4 қарашада сағат 13.00-де филология факультетінің шет тілдері кафедрасының оқытушылары ZOOM платформасында география және табиғатты пайдалану факультетінің 1 курс студенттерімен бірлесіп, «ТДМ 5. Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және барлық әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» тұрақты даму жобасы аясында «Қоғам дамуындағы әйел бейнесін қалыптастырудың заманауи тенденциялары» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өткізді.
Дөңгелек үстелдің мақсаты: Қазақстан мен Ресейдегі әйелдің өзін-өзі анықтауының өзекті мәселелерін талқылау, Қазақстан мен Ресейдегі әйелге қатысты мемлекеттік саясатты айқындау, екі елдегі қоғамдық және үкіметтік әйелдер қозғалыстарының даму тенденцияларын анықтау, студенттердің қыздарға болашақ ана ретінде құрметпен қарауын қалыптастыру, екі елдің студенттері арасында әйелдердің тұлға ретінде және кәсіби тұрғыдан өз әлеуетін іске асыру мүмкіндігі туралы пікірталас өткізу.
Дөңгелек үстелге Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының филиалы – Волгоград басқару институтының оқытушылары мен студенттері қатысты. Іс-шараның модераторы ретінде шет тілдері кафедрасының аға оқытушысы Р.Н. Балғабекова дөңгелек үстелдің негізгі міндеттері туралы қысқаша ақпарат берді. Волгоград басқару институтының «халықаралық қызмет» бағытына жауапты тұлға п.ғ.к., қауымдастырылған профессор Е.В. Степанова бірлескен іс-шараға орай құттықтау сөз сөйледі. Осы институттың лингвистика және мәдениетаралық коммуникация кафедрасының аға оқытушысы, іс-шараның модераторы О. Н. Антимонова қазақстандық және ресейлік студенттердің бірлескен жобасының топтық коммуникацияларын кәсіби түрде ұйымдастырды.
Студенттер қазіргі заманымыздың күрделі әлеуметтік проблемасы – Қазақстанда, Ресейде және бүкіл әлемде әйел бейнесін қалыптастырудың себептері мен салдары, осы проблеманы шешудің нақты шаралары туралы презентациялар дайындап, ұсынды. Презентациялар соңында студенттер «Мансап немесе ана болу – заманауи әйел нені таңдайды? Осы міндеттерді қазіргі заманда қатар алып жүру мүмкін бе?» секілді қайшылықтардың өзектілігі туралы пікірталасқа қатысып, осы тақырыптар бойынша сұрақтар қойып, өз ойларын білдіріп, пікірталасқа белсенді қатысты. Нәтижесінде қазіргі қоғамдағы әйелдің рөлі туралы өзекті мәселелер талқыланып, қорытындыланды.
Осы іс-шара аясында «Біз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсымыз» суреттер көрмесі ұйымдастырылды. Бұл көрменің мақсаты – әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықты тоқтату, сондай-ақ қоғамның назарын осы мәселеге аудару. Көрмеге қатысушы студенттер өздерінің шығармашылығы арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа түбегейлі жол бермеу керек екенін білдірді.
Дөңгелек үстелге белсенді қатысушы студенттер сертификаттармен, алғыс хаттармен марапатталды. Барлық қатысушыларды жүлделерімен құттықтаймыз, белсенді болуға және алдағы іс-шараларға қатысуға шақырамыз!
Ұйымдастырушылар: Балғабекова Р.Н., Қарабаева Б.Н., Цыганова В.А., Абдиназарова С.Ж., Мадиева З.К.
Видео материалдарға сілтеме:
https://drive.google.com/drive/folders/1lQfeY28lVRnN7Sw5BH2GlzbXw3Shu3pq?usp=drive_link