ҚазҰУ студенттері Түркияның жетекші компанияларымен танысуда

4 қараша, 2024

2024 жылғы 2 қарашада Алматыда Түркия Президенті Әкімшілігінің Адами ресурстары басқармасы ұйымдастырған "Talent for Biz" бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға кәсіби байланыс орнатуға мүдделі қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттері мен Түркияның жетекші кәсіпкерлері қатысты.

Ашылу рәсіміне Адами ресурстары басқармасының басшысы Салим Атай, Түркияның Алматыдағы бас консулы Эврен Мудеррисоглу, сондай-ақ Turkish Airlines, Turkish Aerospace, Aselsan, Havelsan, Halk Bankası, Türk Telekom және TİKA сынды ірі түрік компанияларының өкілдері қатысты. Сонымен қатар, іс-шарада Қазақстан нарығында белсенді жұмыс істейтін Abdi İbrahim, Ziraat Bankası, TAV Airports, FLO Group және Koton сияқты түрік компанияларының өкілдері де болды.

ҚазҰУ студенттері түрік компанияларының өкілдерімен тікелей сөйлесіп, практика мен тағылымдамадан өту мүмкіндіктері туралы білуге, сондай-ақ кәсіби өсу перспективалары жөнінде сұрақтар қоюға бірегей мүмкіндік алды.

Сонымен қатар, студенттерге кәсіби байланыс орнатып, болашақ мансаптарына дайындалуға қосымша мүмкіндіктер ашу мақсатында Ziraat Bankası және TAV Airports компаниялары 2024 жылғы 22 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтетін бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне шақырылды.