«Мұнда тек оқу ғана керек екен»
Мектеп кезiнен арманым әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқу едi. Арманым жүзеге асып, ҚазҰУ-дың механика-математика факультетiнiң автоматтандыру және басқару мамандығының студентi атандым. Ендi бiзге тек оқу керек.
Жақында құрбым бiздiң жатақханамызға келiп, таңдайын қағып кеттi. Жатақханада студенттерге барлық жағдай жасалған:оқу бөлмесi, компьютер сыныбы, әр қабатта жеке-жеке асхана, бөлмеде жылы,салқын су және тегiн WiFi желiсi бар.Тәртiп жағы да темiрдей. Құрбым осындай кең әрi заманауи үлгiде жабдықталған жатақханамызды көрген соң, ҚазҰУ қалашығын араладық. Құрылғанына 81 жыл толған оқу орны көптеген шетелдiк жоғары оқу орындарымен тiзе қосып жұмыс iстейтiнiн, әрбiр студент шетелде бiлiмiн жетiлдiремiн десе, мүмкiндiк мол екенiн айтып, мақтанып қойдым. Құрбым қалашықта “КЕРЕМЕТ” деп аталатын студенттерге қызмет көрсету орталығын да тамашалады. Түрлi ұйымдардың, паспорттық үстел, студенттерге әлеуметтiк көмек кабинеттерi, дәрiхана және т.б студенттерге қызмет көрсету салалары, кинотеатр уақтылы жұмыс iстейдi. Бiздiң ерекше мақтан тұтатын қазынамыз – кiтапханамыз, оқуымызға қажеттi кiтапты осы жерден алып пайдаланамыз. Бiзге қыдырыстап келген құрбым студенттер үшiн жасалған жағдайды көрiп, “Ендi сендерге тек оқу ғана керек екен ғой” дедi. Осындай университетке түскенiме қуаныштымын және ата-анамның маған артқан үмiтiн ақтап, оқуымды үздiк бiтiруге тырысамын! Мен өз университетiмдi мақтан тұтамын!
Дина Рахман,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң студентi.