Түркiстан

28 қараша, 2015

Ұлтының ұмытылмас тұлғасы

Биыл Сапар Байжановтың туғанына 85 жыл! Осыған орай, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасы дайындаған «Өнегелі өмір» сериясымен С.Байжановтың өмірі мен шығармашылығы жайлы жарық көрген кітаптың тұсаукесері өтті.

Сапар Байжанов қазақ журналистикасында елеулі із қалдырған, жас қаламгерлерге айрықша қолдау көрсеткен қайраткер. «Егер бір жігіттің жақсы бір ойы бар мақаласын оқыса, ол қай жердің жігіті, ол кім, мінез-құлқы қандай дегенге қарамайды. Өзіндік ойы бар, қаламы жүйрік деп қамқорлық жасайтын. Үстінен жастарды жинап жатыр деген арыздар түсіп жатқанына қарамай, он бес облыстан жазу стилі көңілінен шыққан жігіттерді редакцияға шақырды, қолдау көрсетті», - дейді жары Күләш Бейсенбиева.

Жиында Сапар Байжановтың қамқорлығын көріп, тәлімін алған шәкірттер естеліктерін айтты. «Адамды алғаш көргенде-ақ, пікір қалыптасады. 1981 жылы мен «Социалистік Қазақстан» газетіне бардым. Сонда редактордың қабылдауына кірдім. Сапар ағаның кабинетіне кірген бойда «Кел, қалқам, отыр», - деді. Сонда жүрегімнің қағысы бірден қалпына түсті. Сол кездегі көзқарас, сол күлкі өмір бойы менің жадымда. Сапар ағаның жаны жаңашылдыққа құмар еді. Ол кісі қазақ журналистикасын қалай дамытсақ екен деген ұстаным-мен үнемі ізденіс үстінде жүретін», - дейді шәкірті, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры Жұмабек Кенжалин.

Сапар Байжанов бұрынғы «Социалистік Қазақстан» газетін 10 жыл басқарды. Ол қазақ журналистикасына елеулі еңбек сіңірген қаламгер. Бұдан бөлек, жиырмадан астам кітап, роман мен пьеса жазып, қазақ руханиятына сүбелі еңбек сіңірді.

Тұсаукесерде университет ректоры, академик Ғалым Мұтанов С.Байжановтың жары Күләш Бейсенбиева мен ұлы Ерлан Байжановқа, сатирик Үмбетбай Уайдинге, жазушы Мереке Құлкеновке, ақын Есенғали Раушанов пен Аманхан Әлімұлына, Шөмішбай Сариевке «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге 80 жыл» мерейтойлық төсбелгісін табыстады.