Түркiстан

28 қараша, 2015

Қазақ ғалымы - ғылым көшбасшысы

Өткен айдың соңында Алматыда Thomson Reuters (Томсон Рейтерс) компаниясының қатысуымен «Әлемдік кеңістікте Орталық Азия өңірі ғылымының интеграциясы» атты халықаралық форум болып өтті.

Форумның тақырыбы аясында инновациялық тәсілдерді енгізу арқылы өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ғылым саласыңдағы ұлттық білімге негізделген экономиканы және ағымдағы тенденцияларды құру перспективалары талқыланды.

Форумда сөз алған Thomson Reuters компаниясының ғылыми-зерттеу және зияткерлік меншік саласындағы басқарушы директоры Дэвид Браун түрлі ғылым саласындағы соңғы үрдістерге назар аударып: «Деректер беру және сақтау, акпараттарды өңдеу, роботтехника жақын болашақта қоғамға көптеген өзгерістер әкеледі. 3D принтерлер және түрлі «интернет заттар» өмірді сүруді ыңғайлы етіп, көптеген адамдарды үйреншікті жұмысынан айыруы мүмкін, сондыктан бұл жағдайда азаматтардың білімге қол жеткізу құқығы мен экономикалық прогрессте зияткерлік меншік құқын қорғау өте маңызды», - деді.

Ал Thomson Reuters-тің ТМД бойынша басқарушы директоры Петр Марчевски компания ресурстарын пайдаланушылар мен бұл сферадағы байқалатын жаңа үрдістер жайында айта келіп, соңғы кезде әлемдік беделді ғылыми басылымдарда қазақстандық авторлардың жарияланымдарының санының өсу қарқыны жоғары екенін атап өтті.

Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Моңғолия, сондай-ақ Thomson Reuters компаниясы басшылары, Америка Құрама Штаттары, Филадельфия, ғылыми, білім беру, саяси және экономикалық топтарының беделді өкілдері қатынасқан бұл жиынның басты жаңалығының бірі - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті «Жалпы және теориялық физика» кафедрасының меңгерушісі профессор Рәтбай Мырзақұловқа Орталық Азия бойынша «Ғылым көшбасшысы» атты сыйлығы берілгені болды. Халықаралық деңгейдегі бұл тәуелсіз сыйлықтың алғашқы иегері болып отырған отандасымыз Рәтбай Мырзакұловқа бұл сыйлық оның шетелдік импакт-факторлы журналдарда жарияланған мақалаларының санының молдығына және ғылымиметриялық көрсеткіштерінің жоғарылығына байланысты (Хирша индексі және дәйексез алу индексі) беріліп отыр.

Өткен жылы Л.Н.Гумилев атындағы ЕНУ-да 60 жылдық мерейтойына және ғылымдағы жетістіктеріне орай халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткен және Орталық Азия ғалымдарына алғаш берілген «Top author Springer - 2015» сыйлығының иегері болған Рәтбай Мырзақұлов - қазіргі күнде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті «Жалпы және теориялық физика» кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор.

Ол 1972 жылы ҚазМУ-дың (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) физика факультетін бітірген. Ресейдің Дубна қаласындағы Біріккен ядролық зерттеулер институтының аспирантурасын бітіріп, 1988 жылы Мәскеудегі П.Лумумба атындағы Халықтар достығы университетінде «Теориялық және математикалық физика» саласы бойынша кандидаттық диссертациясын, 2002 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да теориялық физика бойынша докторлық диссертациясын қорғады. 2002 жылы Германиядағы Еуропа жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі болып сайланды.