ҚазҰУ студенттері – «Түркі халықтарының үздік студенті» байқауының жеңімпазы

6 қараша, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінің 4-курс студенттері Арман Аязбек пен Саят Шәріпбек «Түркі халықтарының үздік студенті» байқауының жеңімпазы атанды.

Іс-шараны «Жаңа Қазақстан» республикалық инновациялық орталығымен бірлесіп «Bilim orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырды. «Түркі халықтарының үздік студенті» халықаралық форумының мақсаты – дарынды студенттер арасында байланыс орнату. Конкурсқа ғылым, өнер және спорт саласында, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия т.б. мемлекеттердің жоғары оқу орындарында жетістікке жеткен студенттер қатысты.

Конкурс шарттары бойынша оқу кезеңінде студенттердің барлық жетістіктерін растайтын құжаттарды ұсыну қажет болды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері Арман Аязбек пен Саят Шәріпбек ғылыми конференцияларға қатысу туралы құжаттарды жіберді, жазда олар «Aral Summer School» жазғы мектебіне, сондай-ақ «Қазселденқорғау» ұйымдастырған «Қазспас-2024» құтқару бөлімшелерінің жиын-семинарына қатысты. Нәтижесінде «Гидрология» білім беру бағдарламасы бойынша оқитын дарынды студенттер түркі елдерінің жастар саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін халықаралық деңгейде танылды.

Біздің студенттеріміздің жетістігі олардың білімі мен көшбасшылық қасиеттерінің жоғары деңгейін ғана емес, сонымен қатар университеттің түркі әлемі елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған белсенді жастар саясатын қолдау мен дамытуға деген ұмтылысын айғақтайды.

Бұл байқаудағы жеңіс сонымен қатар тұрақты болашаққа қол жеткізу үшін білім беру мен халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсететін ТДМ 4 – «Сапалы білім беру» және  ТДМ 17 – «Тұрақты даму мақсатындағы серіктестікті» қолдайды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі