Геодезия және картография комитетімен бірлескен жобалар іске асады

7 қараша, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында геоақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастық бағыттары және оларды білім беру процесінде қолдану талқыланды.

ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор  Еркін Дүйсенов ESRI бас директорының Таяу Шығыс, Африка және Орталық Азия өңірлері бойынша орынбасары Ричард Бадден және ESRI компаниясының және ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдерімен келіссөздер жүргізді.

Бірінші проректор қонақтарға университеттің ғылыми-зерттеу қызметі, білім беру бағдарламалары және халықаралық институттармен бірлескен жобалар туралы баяндады. Проректор Еркін Дүйсенов атап өткендей, бұл кездесу университеттегі зерттеулер мен білім беруді дамыту үшін үлкен маңызға ие, өйткені ESRI компаниясы кеңістіктік ақпаратты картаға түсіру және талдау үшін бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеудегі жетекші әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылады.

Кездесу барысында тараптар білім беру, ғылыми зерттеулер, бірлескен бағдарламаларды дамыту саласындағы ынтымақтастықтың бірқатар негізгі мәселелерін талқылады.  Өз кезегінде Ричард Бадден ҚазҰУ Орталық Азиядағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі екенін және онымен әріптестік қарым-қатынас орнату ғылыми және бизнес-орта арасындағы байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті. Сондай-ақ ол ғылыми жобалар мен зерттеулерде ГАЖ (географиялық ақпараттық жүйесі) технологияларын қолдану мүмкіндіктері, университеттің оқу курстарына ESRI технологияларын енгізу перспективалары туралы айтты.

Кездесу соңында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің  Геодезия және картография комитетінің өзара тиімді ынтымақтастығы туралы меморандумға қол қойылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі