Farabi бизнес мектебі Қытайда келіссөздер жүргізді
Farabi халықаралық бизнес мектебінің өкілдері Қытайдың Бейжің және Хайнань провинциясындағы Хайкоу қаласында болып, халықаралық серіктестікті нығайту мақсатындағы маңызды іс-шараларға қатысты. Сапар аясында Хайнань және Бейжіңдегі жетекші университеттер мен әлемдік деңгейдегі білім беру ұйымдарымен екіжақты келіссөздер жүргізілді.
Білім беру саласындағы әріптестікті дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған сапарға бизнес-мектептің директоры Жарасхан Сарыев, жетекші маман Күлпаш Шынбат, маман Салтанат Ысақова Хайнань провинциясының жетекші жоғары оқу орындары: Hainan Vocational University of Science and Technology (HVUST) және Хайнань университетінде болды.
Сапар аясында Қытай азаматтарына арналған MBA бағдарламаларына бейімдеу, бірлескен жобалар және студенттердің тағылымдамадан өту мүмкіндіктері талқыланды. Сондай-ақ бизнес мектептің өкілдері Бейжіңде өткен Chinese Educational EXPO көрмесіне қатысты. Аталған көрмеге әлемнің 37 елінен 200-ден астам жоғары оқу орны қатысып, ҚазҰУ Қазақстаннан барған жалғыз өкіл болды. Бұл Қазақстанның білім саласындағы халықаралық беделін нығайтуға ықпал етті.
Көрме аясында 400-ден астам адамға ҚазҰУ туралы ақпарат беріліп, 50-ден астам университет өкілдерімен байланыс орнатылды. Қытайдың білім беру саласындағы жетекші оқу орындарымен серіктестік байланыстар орнатылып, қытайлық студенттерге арналған www.kaznu-mba.cn домені тіркелді.
Бұл сапар ҚазҰУ-дың Қытайдағы білім беру нарығында беделін арттыруға және серіктестік аясын кеңейтуге бағытталған маңызды мүмкіндік. Бизнес мектеп өкілдерінің Қытайға сапары халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі