ТДМ-4.Суреттерімдегі басты тақырып - ұлтымның тарихы

5 қараша, 2024

Бүгін, қарашаның 5-і күні, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде студенттерге арналған іс-шара өтті. Іс-шараның басты қонағы – Қазақстанға белгілі суретші, кескіндемеші, журналист және мәдениет қайраткері Жанұзақ Мүсәпір болды.

Өзінің шығармашылық жолында Жанұзақ Мүсәпір бірнеше салада еңбек еткен: мұғалім, мектеп директоры, Т. Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр және кескіндеме институтында оқытушы, «Қазақфильм» киностудиясында суретші-режиссер, сондай-ақ «Алматы», «Рахат», «Хабар агенттігі», «Қазақстан РТРК», «Мәдениет», «Білім және мәдениет» сияқты ұлттық телеарналарда редакторлық қызметтен бастап түрлі ақпараттық дирекцияларды басқарған. Қазіргі таңда ол «Абай» телеарнасында суретшілердің өмірі мен шығармашылығына арналған «Құдіретті қылқалам» бағдарламасын жүргізіп жүр.

Жанұзақ Мүсәпір студенттермен кездесу барысында өзінің өмірлік әрі шығармашылық жолындағы жинаған тәжірибесімен бөлісіп, көптеген пайдалы кеңестер берді. Іс-шараға журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай, ғалым, ұстаз Сағатбек Медеубекұлы, ақын, аға оқытушы Бекжан Әшірбаев, ұстаз және фотожурналист Асылхан Әбдірайымұлы, аға оқытушы және фотожурналист Дәурен Мақсұтханұлы да қатысты.

Аға оқытушылар студенттерге Жанұзақ Мүсәпірмен өнерде иық тіресіп, бірге істеген жұмыстарын баяндап, әріптестерінің жетістіктерімен бөлісті, жастайынан еңбек еткен жылдарын еске алды. Бұл басқосу журналистика факультетінің студенттеріне құнды тәжірибе берді. Олар көкейдегі сұрақтарына жауап алып, Жанұзақ Мүсәпірдің қарапайымдылығы мен ашықтығына тәнті болды.

Ұлттық арна тілшісі Айгерім Есімхан Жанұзақ Мүсәпірге: «Сіз бір жағынан журналист, екінші жағынан суретшісіз. Осы екі саланы қалай үйлестіресіз? Шабытты қайдан аласыз?» деп сұрақ қойды. Жанұзақ Мүсәпір: «Шабытты өмірдің өзінен аламын. Айналамдағы дүниенің бәрі шабыт береді. Мен сурет өнерін анамнан үйрендім, ол текемет тоқитын. Қоғамдық жұмыс жынысқа бөлінбейді», – деп жауап берді.

Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай: «Менің студент кезімде факультеттегі ақылшым Сағатбек Медеубекұлы болса, өмірлік практикада ақылшым Жанұзақ Мүсәпір еді», – деп атап өтті.

Жанұзақ Мүсәпірдің шығармашылығы мен идеялары қазақ бейнелеу өнерінің рухани құндылығын, оның ұлттық және жаһандық мәдениеттегі орнын жаңаша қырынан тануға мүмкіндік береді. Ол қазақ өнерін ұлттың ішкі болмысын, тарихын, мәдениетін паш ететін, ұлттық бірегейлікті сақтап, оны әлемге танытатын құрал деп есептейді. Жанұзақ Мүсәпірдің «Балалықтан даналыққа жол» полиптихы – ұлттық мұраны заманауи өнер тілімен жеткізудің жарқын үлгісі. Бұл туынды тек көркемдік қана емес, тарихи мән-мағынаға ие.

Осылайша, Жанұзақ Мүсәпір Ұлттық университеттің журналистика факультетінің жаңа тынысымен танысып, студенттермен үш сағатқа созылған сырлы сұхбат өткізіп, жастардың зор ықыласын сезініп қайтты.