Қазақстан жаңа экономикалық өрлеу жолында

30 қараша, 2015

Бүгінгі күн – қазақ елінің шежіресінде мәңгі енетін күн. Жылдың аяқталуына бір ай қалғанда Елбасы халыққа «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты кезекті Жолдауын арнаған болатын.

Әрбір Жолдауында Ұлт Көшбасшысы халықтың жағдайын бір сәтке де ұмытқан емес. Күні бүгінге дейін айтылған міндеттердің бәрі жыл өткен сайын бірте-бірте орындалу үстінде. Өз тәуелсіздігінің жиырма төрт жылын артта қалдырған егеменді еліміз бүгінде Бүкіләлемдік дағдарыс қыспаққа алса да, Қазақстан жаңа экономикалық өрлеу жолында.

Осылайша әлемді дағдарыс жайлаған сындарлы сәтте Елбасымыздың халықты өз Жолдауларымен жігерлендіруі жүректеріне сенім ұялатып қана қоймай, болашаққа дұрыс бағыт-бағдар беруі нағыз заңғар тұлғаның, болашаққа нық қарайтын салиқалы, көреген адамның ғана қолынан келетін іс екені белгілі. Бағытымызды жандырған бұл Жолдау өзінің кемеңгер Елбасымен бірге тәуелсіз қазақ елін әлі талай рет зор жеңістерге жеткізіп, биік шыңдардан көрсететіні айқын.

Тәуелсіздіктің тап бесігінде тербеліп, қыран құсы қалықтаған көк аспанымыздың астындағы баянды да бақытты ғұмырымыз ұзағынан болу ұшін бүгін жолдауда айтқандай, «бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» ел игілігі үшін қызмет етуіміз керек. Сонда ғана жасампаз еліміздің жарқын болашағы баянды болмақ.

Халқы үшін қызмет етуді бақыт санайтын Елбасымыз тұрғанда Қазақстанның келешекте дамыған, өркениетті ел боларына кәміл сенемін!

Әл-Фараби Қазақ ұлттық университеті

«Менеджмент және маркетинг» кафедрасының

PhD Мылтықбаева А.Т., ассистенті Мукаев Д.Т.