Медиация мәселелері сараланды

13 қараша, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқу ордасының 90 жылдығына арналған «Тұрақты даму және цифрлық трансформация жағдайындағы дауларды баламалы шешу» атты халықаралық дөңгелек үстел отырысы өтті.

Дөңгелек үстел жұмысына Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы, ҚР Әділет министрлігінің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Алматы қаласы әділет департаментінің, Алматы қаласы полиция департаментінің, Қазақстан медиаторлары мен заңгерлерінің қоғамдық бірлестігінің, «Атамекен» ҚР ҰКП Төрелік орталығының, Алматы облыстық және қалалық адвокаттар алқасының, заң консультанттары палатасының, ЖОО мен ҒЗИ өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелдің мақсаты – тұрақты даму және цифрлық трансформация жағдайында дауларды шешудің баламалы тәсілдерін қолданудың өзекті мәселелерін талқылау.

Жиында Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор м.а., заң ғылымының докторы, профессор Еркін Дүйсенов құттықтау сөз сөйледі. Проректор дауларды баламалы шешу институтын қазақстандық құқықтық жүйеге интеграциялау процесі толыққанды аяқталмағанын айтты. «Бүгінгі таңда бұл институт тұрақты дамудың жаһандық мақсаттарына сәйкес халықтың әлеуетін ескере отырып, құқықтық базаны теориялық тұрғыдан түсінуді, жетілдіруді талап етеді», – деп атап өтті проректор.

Қырғыз Республикасы әділет министрінің орынбасары Орозбек Сыдықов Қырғызстандағы даулар мен медиацияны баламалы шешудің ерекшеліктерін атап өтті. «Көшпелі халықтар арасындағы медиация жаңа құбылыс емес. Шоқан Уәлиханов қырғыз билері дәстүрлі құқыққа сүйене отырып, барлық сот дауларды шешеді деп жазды. Осыған қарап қырғыздар мен қазақтар дауларды сот талқылауына жеткізбей реттеу әдістерін қолданды. Даулы мәселелер ата-баба дәстүрі негізінде шешілді», – деді Орозбек Қадырбекұлы.

Дөңгелек үстел отырысында Алматы қаласы әділет департаментінің басшысы Балайым Кесебаева, «Адам және құқық» медиаторлар және заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Ұлбара Жирембаева, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің деканы, заң ғылымының кандидаты, профессор Уәлихан Ахатов, «Атамекен» ҚР ҰКП Төрелік орталығының атқарушы директоры Асқар Қалдыбаев және т.б. қатысушылар сөз сөйледі.

Дөңгелек үстел отырысының қорытындысы бойынша қатысушылар тұрақты дамудың жаһандық мақсаттарын ескере отырып, дауларды баламалы шешу Дөңгелек үстел отырысының қорытындысы бойынша қатысушылар тұрақты дамудың жаһандық мақсаттарын ескере отырып, дауларды баламалы шешу саласындағы заңнаманы және құқық қолдану практикасын жетілдіру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды бірлесіп дайындау туралы шешім қабылдады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі