Батыс Аттика университетімен келісім
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Грекиядағы Батыс Аттика университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Екіжақты келісімге Еуропалық одақтың ERASMUS+ қаржыландыратын «Қазақстан мен Әзірбайжанда ашық және қашықтан оқыту – Lmqs шеңберінде денсаулық сақтаудағы стратегиялық менеджмент және тәуекелдерді басқару саласында бакалавриат пен магистратураның кәсібилігін арттыру» бағдарламасы аясында қол қойылды.
Аталған меморандум «Денсаулық сақтау менеджменті» мамандығы бойынша магистратураның бірлескен қосдипломды білім беру бағдарламаларын ілгерілетуді, оқытушылар мен магистранттар үшін қашықтан оқыту курстарын әзірлеу мен енгізуді көздейді.
Бұдан бөлек, жасалған келісім шеңберінде тараптар болашақта академиялық ұтқырлық бағдарламасын және ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесіп жүзеге асырады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі