Кітаптанудың жаңа бағыты

14 қараша, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филология ғылымының докторы, профессор Шериаздан Елеукеновтің туғанына 95 жыл толуына орай, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

 

«Ұлттық кітаптану мәселелері: тарихы және бүгінгі жағдайы» атты шараға ҚазҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Алтай Қазмағамбетов, филология ғылымының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Намазалы Омашев, «Абай» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жанғара Дәдебаев, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы  Бауыржан Жақып, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Марал Ысқақбай, Ш.Елеукеновтің ұлы, физика-математика ғылымдарының докторы Дастан Елеукенов қатысты. Сонымен қатар белгілі ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері, оқытушы-профессорлар құрамы мен студент жастар жиналды.

Конференция ашылуында ҚазҰУ проректоры Алтай Қазмағамбетов сөз сөйлеп, Шериаздан Елеукенов ұлт руханиятының қайнар көзі – кітап басу ісінің айрықша қарқынмен дамуына бар күш-жігерін жұмсаған іскер тұлға екенін баса айтты.

«Шериаздан Елеукенов Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде Баспа және редакциялау кафедрасын ашуға мұрындық болды.  Өзі де біраз жылдық тәжірибесін ортаға салып, осы мамандықта оқитын студенттерге «Кітаптану негіздері», «Қазақ кітабының тарихы» атты оқулықтар жазды. Әдебиеттану мен сын жанрына байланысты көптеген еңбектер жазып қалдырды. Талғампаз жазушы, қарымды журналист, білікті баспагер ретінде оқырманның ықыласына бөленді. Әсіресе қаламгердің мәтінді сауатты жазу, сөздерді орнымен қолдану және тіл тазалығын сақтау сынды көтерген мәселелері қашанда қоғам үшін өзекті. Шериаздан Елеукеновтің айтқан салиқалы ойлары мен дәйекті пікірлері әлі де өз құндылығын жойған жоқ», – деді проректор.

Халықаралық іс-шара барысында Шериаздан Елеукеновтің 95 жылдығына орай арнайы шығарылған кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Кітапта  «Ұлттық кітаптану мәселелері: тарихы және бүгінгі жағдайы» атты конференциядағы баяндамалар, ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған деректер, мақалалар енгізілген.

Өз кезегінде «Абай» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жанғара Дәдебаев болашақ жастар үшін Шериаздан Рүстемұлының іргелі зерттеу еңбектері құнды екенін жеткізіп, ғалымның абайтану ілімінің дамуына зор үлес қосқанын атап өтті.

Шара барысында Ш.Елеукеновтің ұлы Дастан Елеукенов ауқымды жиынды өткізгені үшін университет басшылығына және журналистика факультетінің ұжымына ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, халықаралық конференцияны журналистика факультетінің Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы ұйымдастырды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі