ХҚФ Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасы студенттерімен БҰҰ-ның ТДМ №5 контекстінде әйел көшбасшылардың рөлі талқыланды

14 қараша, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың №14 жатақханасында халықаралық қатынастар факультетінің халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының оқытушылары «Әйелдер көшбасшылығы және оның әлемдік саясатқа әсері» тақырыбында жатақханада тұратын студенттермен кездесу өткізді. Іс-шара кафедра меңгерушісінің оқу, әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, аға оқытушы Апсаттарова Гулзада Абдусағатовна, аға оқытушы Көшербаев Жан Дүйсенбекұлы және оқытушы Малтабаров Арсен Асқарұлының басшылығымен өтті. Талқылаудың негізгі тақырыбы халықаралық аренада әйел көшбасшылардың алдында тұрған жетістіктері мен сын-қатерлерін және олардың халықаралық қатынастардың дамуына және өз елдерінің саясатына әсерін талдау болды.

Сондай-ақ БҰҰ-ның гендерлік теңдікке қол жеткізу жөніндегі ТДМ5 мақсаттарын қолдайтын іс-шарада студенттер саясаттағы әйелдердің рөлі мен олардың жаһандық процестерге әсері туралы баяндайтын презентация көрсетті. Студенттер Қазақстанның БҰҰ-дағы бірінші өкілі Арыстанбекова Ақмарал Хайдарқызы және АҚШ-тың экс-мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон сияқты саяси салаға елеулі үлес қосқан белгілі әйелдердің мысалдарын ұсынды. Бұл әйелдер керемет жетістіктерге қол жеткізіп қана қоймай, саясаттағы әйелдердің болашақ ұрпақтарына жол ашты, бұл оларды зерттеуге және еліктеуге лайықты тұлға етеді.

Әйел көшбасшылардың ішкі және халықаралық саясат мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік беретін жеке және кәсіби қасиеттерін талдауға ерекше назар аударылды. Оқытушылар іс-шараға қатысушылармен көшбасшы әйелдердің табысына ықпал ететін факторларды, сондай-ақ олар осы табысқа жету жолында еңсеретін қиындықтарды талқылады. Ашық пікірталас барысында студенттер әйелдердің саясатқа қатысуының маңыздылығы туралы өз пікірлерін білдірді және халықаралық аренада бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудағы әйелдер көшбасшылығының рөлі туралы өз ойларымен бөлісті.

Кездесу жанды диалог атмосферасында өтті. Студенттер белсенді сұрақтар қойып, өз пікірлерімен бөлісті, ал оқытушылар жастарды халықаралық қатынастар саласында жаңа биіктерге жетуге шабыттандыра отырып, қоғамның өзгеруіне ықпал ететін әйел көшбасшылардың мысалдарын келтірді. Мұндай іс-шаралар студенттердің гендерлік теңдіктің маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыруға ықпал етеді және олардың дипломатия мен халықаралық саясат саласында дамуға деген ұмтылысын қолдайды.