ҚазҰУ ғалымдары сыйақы алды

15 қараша, 2024

ҚазҰУ ғалымдары Scopus / Web of Science халықаралық деректер базасының рейтингтік журналдарында жарияланған жұмыстары үшін сыйақы алды. Зерттеуші-ғалымдарға  халықаралық деңгейде жарияланған еңбектері үшін қаржылық қолдау көрсету арқылы оларға зерттеулерін жалғастыруға, зертханалық жағдайларды жақсартуға, қажетті жабдықты сатып алуға және мамандарды көптеп тартуға мүмкіндік береді. Үздік мақалаларды марапаттау – академиялық қауымдастықты үнемі жетілдіруге және жаңа ғылыми шешімдер іздеуге ынталандырады. Бұл өз кезегінде жас ғалымдар мен докторанттарды ғылым саласына жұмылдырады. Олар өз еңбектерінің тек танылып қана қоймай, материалдық тұрғыдан да марапатталатындығын көреді. Бұл шара халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Өйткені жоғары рейтингті журналдардағы жарияланымдар жаһандық жобаларға қатысу үшін кең мүмкіндіктер ашады.

2023 жылы университет ғалымдары 1 192 ғылыми еңбек жариялады. Халықаралық ғылыми журналдар классификациясы бойынша бірінші және екінші квартильде (Q1 және Q2) жарияланған еңбектің жалпы санының ішінен 396 мақала авторы сыйақы алды. Сыйақының жалпы сомасы 130 205 764 теңгені құрады. Бұл таңдау Q1-Q2 журналдарындағы мақалалардың жоғары дәйексөздікке ие екендігімен және ғылымның дамуына айтарлықтай ықпал ететіндігімен түсіндіріледі. Бұл шара университеттің беделін нығайтуға мүмкіндік береді және олардың QS, THE сияқты әлемдік рейтингтерде жоғары позицияларға ие болу мүмкіндігін арттырады. Онда жарияланымдық белсенділік пен зерттеулердің сапасы – маңызды бағалау критерийлері.

Осылайша, мұндай сыйақылар тек белгілі бір ғалымдар үшін ғана емес, жалпы ғылымның дамуына да маңызды рөл атқарып, жаңа білімдер қалыптастыруды ынталандырып, академиялық деңгейдің жоғары стандартын сақтауға мүмкіндік береді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі