Бүгінде Отанымыздың жетістіктері - әрбір азаматтың ұлттық мақтанышы.

2 желтоқсан, 2015

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалды: өсім реформалар даму» бойынша Қазақстан Республикасының қазіргі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайын тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы Қазақстанда болған дағдарыстармен салыстыра отырып Қазақстанның бүгінгі таңдағы халықаралық экономикалық дағдарысқа қарсы жаңа саясаттар мен реформалар жарияланды.

Бүгінде Отанымыздың жетістіктері - әрбір азаматтың ұлттық мақтанышы. Күшті, қуатты мемлекеттер ғана ұзақ мерзімдік жоспарлаумен, тұрақты экономикалық өсумен айналысады. «Қазақстан 2050» Стратегиясы - барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғырту жолы. Ол елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан. Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту - ортақ парыз бен абройлы міндет.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз Жолдауында заманауи Қазақстанның әлеуметтік - экономикалық және саяси болмысын қалай көретінін тұжырымды түрде баяндап, жаңа міндеттердің көкжиегін айқындайды. Ең бастысы, мемлекеттің бірнеше ондаған жылға сатылы түрде дамуына тың серпін береді.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанның ХХІ ғасырдағы даму бағытын «Біздің басты мақсатымыз - 2050 жылға қарай күшті мемлекет, дамыған экономика, жалпыға ортақ еңбек мүмкіндіктері негіз болатын берекелі қоғам құру. Күшті мемлекет жан сақтау саясатымен емес, жоспарлау, ұзақ мерзімді даму, экономикалық өрлеу саясатымен шұғылданады» деген сөздермен айқындап берді.

Қазақстан басшысының стратегиялық ойлауының ауқымы да, болашағы да, қажеттілік тұрғысындағы мүдделерді көздейтін қарекеті де осында. Ұлттық даму мақсаттарын сыртқы бағдарларға байлай отырып, ол көздеген межелерін өзге мемлекеттердің тәжірибелерімен салғастырып, әлемде салтанат құрып тұрған үрдістерге бейімдейді, барынша сәйкестендіреді. Қазақстанның тұңғыш президентіне тән прагматизм оның мемлекеттік деңгейде жоспарлы түрде жасалған әрбір қадам мемлекетті, Қазақстан халқын ұзақмерзімді мақсаттарына жақындата түсуі қажет, яғни әрбір қадам объективті цифрлармен, көрсеткіштермен және индекстермен өлшенеді деген ойынан айқын көрінеді.

Жолдауында атап көрсеткен басты қадамдар оңтайлы да, табысты жаңа салық режимдері және әкімшілік аппараттарына ұсынылған тапсырмалар қазіргі дағдарыс кезіндегі экономикалық тұрақтылықтың механизмдеріне айналуына сенімдіміз.

Президентіміз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіздігімізді алғаннан соң халықтың басын біріктіріп, өзінің ақыл парасатымен талай қиындықтарды ұтып, ел экономикасын дамытып, қазақ елін әлемге танытты. Н.Ә.Назарбаев айтқандай «Біз бәріміз бір атаның - Қазақ халқының ұлымыз. Бәріміздің де туған жеріміз біреу - қасиетті Қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан». Біз ел басшымыздың нұрлы жолымен бірге елімізді қуатты, дамыған елге айналдырамыз.

Кондыбаева С.К.

PhD докторы, «Экономика» кафедрасы