17 ҚАРАША – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТУДЕНТТЕР КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

17 қараша, 2024

Құрметті ҚазҰУ студенттері, білім алушы жастар!

Сіздерді 17 қараша – Халықаралық студенттер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайда: «Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жете алады. Мен Мемлекет басшысы ретінде азаматтардың, әсіресе, жастардың көзі ашық, дүниетанымы кең болғанын қалаймын. Жастар еліміздің барлық аймағын бірдей жақсы көріп, тұтас еліміздің дамуына үлес қосқаны абзал», – деп атап өткен болатын.

Осы тұрғыда еліміздегі көшбасшы жоғары оқу орны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 90 жыл бойы әр салаға бәсекеге қабілетті білікті мамандарды даярлап келеді. 

Биыл ҚазҰУ-дың құрылғанына - 90 жыл. Университеттің негізі студент-жастар. Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 27 мыңнан астам білім алушы бар. Оның 4 мыңға жуығы шетелден келіп, ҚазҰУ-ды таңдаған шетелдік студенттер. 

Оқу ордасында жастардың сапалы білім алуына, студенттің тұлға болып қалыптасуына және жан-жақты дамуына мол мүмкіндік бар. 

Білім іздеген студенттер үшін «Әл-Фараби» кітапханасы демалыс күндері жұмыс істейді. Сондай-ақ ғылыммен айналысамын деген жастар үшін түрлі бағыттағы жаңа ғылыми зертханалар ашылып, заманауи құрылғылармен қамтылды. 

Университеттің 90 жылдығына орай ҚазҰУ стадионы күрделі жөндеуден өтіп, қайта ашылды. «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығы бой көтерді. Бұл хаб студенттер мен жас ғалымдардың инновациялық және стартап жобаларын жүзеге асыруға мол мүмкіндік береді. 

Бүгінде ҚазҰУ қалышығы құрылысының ІІ кезеңі аясында жаңадан 3 жаңа оқу корпусы мен 3 жатақхананың құрылысы басталды. 

Жаңа оқу корпустарында аудиториялар мен дәріс залдары, кітапхана және ғылыми зертханалар, конференц-зал, демалыс және пікірталас орындары қарастырылған. Ал тоғыз қабатты жатақхананың әрқайсысы 677 орынға, барлығы 2 031 орынға арналған. 

ҚазҰУ қалашығында кофеханалар мен асханалар ашылып, оқу корпустарында демалыс орындары жасақталды. 

Жатақханаларда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, төсек-орындары мен жамылғылар жаңадан алынып, жиһаздар ауыстырылды. Барлық студенттер үйіндегі тоңазытқыштар мен электр плиталары жаңартылды. 

Аталған жұмыстардың барлығы студенттердің игілігі үшін жасалып отыр. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын таба береді. 

Студенттік шақ – өмірдің ең қызық та шуақты жарқын сәттерінің бірі. Білім алушы жастар жоғары оқу орнында тағылымды тәрбиесін ұштап, білім нәрімен сусындап, ғылым айдынында үлкен жетістіктерге жетуге талпынады. 

Халықаралық студенттер күнінде сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, білім, ғылым жолында үлкен табыстар тілеймін!

Әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университетінің

Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ