ТДМ-4. УНИВЕРСИТЕТ ЖӘНЕ ТҰРАҚТЫ ДАМУ: ТӘУЕКЕЛДЕР МЕН МҮМКІНДІКТЕР
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығына орай ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының ұйымдастыруымен, Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Өңірлік кеңсесінің қолдауымен Халықаралық Фараби форумы аясында «Тұрақты даму мақсатында халықаралық журналистиканы оқыту модельдері» (МТIJ) атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы биыл сегізінші рет өткізілді.
Қазақ ұлттық университетінің ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Жамила Айтжанова конференция қатысушыларын құттықтап, университеттің тұрақты даму саласындағы қызметіне тоқталды: «Университет ғалымдары соңғы жылдары 300-ден астам халықаралық ғылыми-техникалық бағдарламалар мен іргелі жобалар орындады. Оқу орнының 90 жылдық мерейтойына орай ҚазҰУ-да Орталық Азиядағы алғашқы Индустрия 4.0 модельдік фабрикасын құру жоспарланды. ҚХР үкіметімен келісілген Silicon Valley моделі бойынша IT-технопарк құру жөніндегі бірлескен жоба жүзеге асырылуда».