Ғылым мен өндірістің бірігуі - уақыт талабы

3 желтоқсан, 2015

Жақында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары Шығыс Қазақстан облысының өнеркәсіп мекемелерінің өкілдерімен кездесті.

Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовтың бастамасымен Өскемен қаласында инновация және жаңа технологиялар бойынша өткен кеңесте, ҚазҰУ ғалымдары Шығыс Қазақстан облысы өнеркәсіп мекемелерінің өкілдерімен кездесті. Шараның басты мақсаты университет ғалымдары дайындаған ғылыми-инновациялық жобаларды таныстырып, елдегі инвестициялық жобалар мен инновацияның қозғаушы күші деп саналатын аталмыш аймақтың нақты экономикалық секторына енгізу.

Шығыс Қазақстан – Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік дамыған аймақтарының бірі, мұнда тау-кен ісі, машина жасау мен өндірістің басқа да салаларына бағытталған көптеген өнеркәсіп орталықтары жұмыс жасайды.

Инновациялық кластерлерді қалыптастыру арқылы өңдеу өнеркәсібінің басым бағыттарындағы технологияны жаңа деңгейге көтеру және болашақта секторлардың дамуына негіз табу Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық даму Мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген. Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқаратын жоғары оқу орындарының Консорциумы құрылған болатын.

Делегация құрамында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтановтың басшылығымен ғылыми-зерттеу институттары және ғылыми-технологиялық парк өкілдері болды.

Кеңес барысында тәжірибелік және құрылымдық, инновациялық жобалардың көрмесі өтті. Көрмеге университет ғалымдарының Қазақстан экономикасына, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысының ерекшеліктерін ескере отырып, қолданысқа нақты енгізуге болатын ең үздік 20 жоба қойылды.

Іс-шара барысында Шығыс Қазақстан облысының өнеркәсібіне отандық инновацияларды енгізу арқылы өнімнің сапасын, еңбек өнімділігін арттыру мен энергияның жұмсалуын төмендету мәселелері аясында ғалымдар мен өндіріс мамандарының арасында қызу пікірталас ұйымдастырылды.

Облыстың өнеркәсіп басшылары, шағын бизнес өкілдері, инновациялық идея авторлары мен ғылыми-зерттеу институт өкілдері қатысқан дөңгелек үстел кездесудің маңызды бөлімі болды.

Отырыс аясында тау-кен өнеркәсібі, металлургия, құрылыс материалдарын өндіру, энергетика, химия және фармацевтика, ауыл шаруашылығы және басқа да белді салаларға байланысты айналымға енетін бағдарламалардың авторларының баяндамасы тыңдалды. Сонымен қатар "Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы" Қазақстан Республикасы жақында қабылдаған заң жобасының жаңа мүмкіндіктері талқыланды.

Қазіргі таңда инновациялық технологияларды енгізудің нақты көрсеткіштері бар. Университет ғалымдарының еңбегінің нәтижесінде «Бақыршық» алтын кен өндіру ошағында табиғи шунгит негізінде инновациялық өнім өндіру үшін тәжірибелік өндірістік зауыт салынған болатын. Оған қоса Өскемен қаласының жылу-электр орталығына плазмалық отын жүйесін енгізу мәселелері, бериллий мен алтынды инновациялық технология негізінде цианитсіз өндіру мақұлданды. Бұл технологияның Қазақстанда да, шетелде де баламасы жоқ.

Ғалымдар мен бизнес-құрылым өкілдерінің кездесуі нәтижесінде отандық ғалымдардың инновациялық жобаларын Шығыс Қазақстандағы нақты экономикаға енгізу арқылы Қазақстан өнеркәсібінің басым секторларын ары қарай дамытуға шешім қабылданды. Өнеркәсіп өкілдері ұсынылған өніммен танысып, университетпен әріптестік орнатуға дайын екендерін айтты.

Өз кезегінде ғалымдар дайын инновациялық жобаларды қаржыландыру автономды кластерлік қордан, жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың жылдық табысының бір пайызын аудару арқылы жүзеге асатынына сенім білдірді. Себебі, кластердің негізгі мақсаты отандық және шетелдік жоғары технологиялық компанияларды тарта отырып, елдегі жоғары технологиялы бағытты қалыптастыру арқылы Қазақстан экономикасын әртараптандыруға арналған өндірістік нақты жобаларды жүзеге асыру.

Бүгінгі таңда ШҚО әкімінің тапсырмасымен жоғары қосымша құнды өнім өндіруге және оны Шығыс Қазақстан облысы өнеркәсібіндегі нақты салаларға енгізуге бағытталған жобаларды қарастыру жұмыстары жасалуда.