ҚазҰУ H-index ұлттық рейтингінде жоғарылады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстанның 2024 жылғы H-индексі ұлттық рейтингінде көрсеткішін жақсартты. Еліміздің жетекші жоғары оқу орны былтырғы нәтижемен салыстырғанда 3-орыннан 2-орынға көтерілді.
Сонымен қатар Scopus және Google Scholar дерекқорларында H-индексі бойынша бағаланған 1000 үздік отандық зерттеушінің рейтингіне Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 157 ғалымы кірді.
Білім ордасының Kazakh National H-Index Ranking рейтингіндегі нәтижесі ҚазҰУ-дың Қазақстандағы жетекші ғылыми-білім беру орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін растайды. Оқу ордасы өзінің ғылыми зерттеулерін, әлемдегі көшбасшы институттармен ынтымақтастығын және білімнің түрлі салаларында инновацияларды енгізу жұмыстарын табысты жалғастырып келеді. Аталған жетістікке ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамы мен ғалымдарының жоғары кәсібилігінің, сондай-ақ университеттің ғылым мен білім беруді халықаралық деңгейде дамытуға бағытталған стратегиясының арқасында қол жеткізілді.
Kazakh National H-Index Ranking (NHR) – Қазақстандағы зерттеушілердің, ғылыми топтардың және мекемелердің ғылыми өнімділігін бағалайтын тәуелсіз рейтинг жүйесі. Ол ғалымның жарияланым белсенділігі мен әсерін бағалау үшін библиометриялық көрсеткіш болып табылатын Хирш индексін пайдаланады. Рейтинг Scopus, Web of Science және Google Scholar сияқты ғылымиметриялық деректер базалары мен платформаларынан алынған ақпаратқа сілтеме жасай отырып, Қазақстанның ғылыми мекемелері Хиршінің жалпы индексін ескереді. Осы мәліметтер негізінде National H-index Ranking көрсеткіші және рейтингтегі тиісті позициясы қалыптасады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі