Қырғыз делегациясы ҚазҰУ-да болды

22 қараша, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға И.Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университетінің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Алмазбек Арзыбаев бастаған делегация жұмыс сапарымен келді. Құрметті қонақтармен Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алтай Қазмағамбетов кездесіп, пікір алмасты.

Кездесу барысында проректор делегация мүшелеріне ҚазҰУ жетістіктері туралы айтып, ЖОО-ның ғылыми инфрақұрылымымен таныстырды. Әңгіме барысында академиялық ынтымақтастық, тәжірибе алмасу және ҚазҰУ мен ҚМТУ арасындағы бірлескен жобаларды дамыту жайы талқыланды. Тараптар жоғары білім және ғылым саласындағы әріптестікті кеңейту туралы мәселелерден басқа, бірқатар ұсыныстарын да ортаға салды.

Өз сөзінде Алмазбек Арзыбаев: «Біздің делегацияның ҚазҰУ-ға келу мақсаты – жасанды интеллект саласындағы озық зертханалардың жұмыстарымен танысу, бірлескен ғылыми зерттеулердің мүмкіндіктерін және профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын талқылау, әріптестік байланыстарды дамыту. Әлемдік университеттер қатарындағы ҚазҰУ жетістіктері үшін біз де қуаныштымыз», – деп атап өтті.

Қырғыз делегациясының ҚазҰУ-ға арнайы сапары халықаралық ынтымақтастықты нығайту, ғылыми өзара іс-қимыл көкжиегін кеңейту және екі елдің ғылыми-білім беру мекемелері арасында білім алмасу үшін платформалар құру жолындағы маңызды қадам болды.  Кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастардың перспективалық бағыттарына ерекше назар аударды. Сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы білікті мамандарды бірлесіп даярлау, академиялық ұтқырлық бағдарламасын іске асыру, жалпы, ғылыми жобалар санын ұлғайту туралы уағдаласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі