«Жас Сәтбаевшылар» I Қазақстан жас ғалымдарының Конгресіне әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ-дың жас ғалымдары қатысты

22 қараша, 2024

2024 жылдың 21-22 қарашасында Алматы қаласында ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырған «Жас Сәтбаевшылар» I Қазақстан жас ғалымдарының Конгресі өтті. Бұл ауқымды іс-шара жас ғалымдардың еліміздің ғылымын дамытудағы рөлін нығайтуға және ғылыми қауымдастық арасындағы байланыстарды арттыруға бағытталды. Конгреске еліміздің әртүрлі аймақтарынан келген жас ғалымдар мен зерттеушілер қатысып, өзара пікір алмасып, жаңа жобалармен танысу мүмкіндігіне ие болды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жас ғалымдар кеңесі де бұл конгресске қатысып, нетворкинг арқылы елдің басқа жас ғалымдарымен байланыс орнатуға, тәжірибе алмасуға және олардың ғылыми бастамалары туралы ақпарат алуға үлес қосты.

Конгресстің екінші күні, 22 қарашада, ҚазҰУ-дың Жас ғалымдар кеңесі мүшелері жаратылыстану ғылымдары бағытындағы секцияларға қатысты. Бұл секция Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті өтті. Секция барысында аяқталған жобалардың нәтижелері талқыланып, университеттер мен ғылыми институттардың өкілдерімен бірлескен жобалар мен студенттерге жетекшілік ету бағытындағы болашақ ынтымақтастық туралы келіссөздер жүргізілді. Сонымен қатар, жиынға қатысушылар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жаңа зерттеу орталықтары мен зертханаларын аралап, олардың ғылыми әлеуетімен танысты. Университеттің заманауи кітапханасын көру арқылы білім беру және ғылыми-зерттеу жұмыстарының ұйымдастырылуымен танысу мүмкіндігі болды.

Бұл сапар жас ғалымдардың ғылыми байланыстарын кеңейтуге, тәжірибе алмасуға және ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды. Жас ғалымдардың белсенділігі мен қызығушылығы олардың Қазақстанның ғылыми және білім беру жүйесін дамытудағы рөлін ерекше көрсетіп берді.