Алматы ақшамы

5 желтоқсан, 2015

2007 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2007 жылғы 7 тамыздағы «Үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектептерді ашу туралы» №387 бұйрығын орындау мақсатында (Алматы қаласы Білім беру департаменті, 2007 жылғы 5 қыркүйектегі №406 бұйрығы) жаратылыстану-математикалық циклдың биология пәнін ағылшын тілінде оқыту қызметі ұйымдастырылған еді. Көптілді білім берудің негізгі мақсаты – оқушыларды білімді, тәрбиелі, дарынды, жан-жақты, көптілді тұлға ретінде қалыптастыра отырып, оларға өздерінің білімін әрі қарай Қазақстан, Ресей, Еуропа, Америка мен Азияның алдыңғы қатарлы ЖОО-нда жалғастыруына мүмкіндік беру. Бұл өз алдына білім беру сапасының, ғылым салаларының дамуы мен сапасының артуына алып келуі тиіс.

Кезінде М.Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназия № 65 орыс тілді орта мектептен халық депутаттары қалалық кеңесі атқару комитетінің шешімімен бөлініп, жеке мектеп ретінде 1990 жылы пайдалануға берілген болатын. 1997 оқу жылынан бастап, мектеп-гимназияда метематика, ағылшын, физика, қазақ тілі пәндерін тереңдетіп оқытатын гимназия сыныптары жұмыс істеп келеді. Осы мақсаттар мен міндеттерді орындауда мектеп-гимназия өзінің даму бағдарламасын қабылдап, негізгі міндеттері ретінде өзінің тарихы мен салт-дәстүрін терең меңгерген, үш тілде еркін қарым-қатынас жасай алатын, өз бетімен іздене алатын, зерттеу арқылы оқитын, жан-жақты, көптілді тұлға тәрбиелеу деп белгіледі.

Қазақстанның ЖОО-нда жаратылыстану циклының пәндерін ағылшын тілінде оқытатын мамандарды даярлау қолға алынуда. Дегенмен, әлі де ағылшын тілінде сабақ беретін мамандардың тапшылығы үлкен қиындық туғызады, үштілді мектептер эксперимент ретінде ашылған уақыттағы шетелдік волонтерлер мен мамандар ұзақ уақытқа тұрақтамағаны белгілі. Мектептерде көбінесе ағылшын тілін өздігінен оқыған пән мұғалімдері немесе ағылшын тілі пәні мұғалімдері жаратылыстану-математика циклының пәндерінен сабақ беруде. Мектеп-гимназияда биология пәнінен әр кезде Симона Петреску, Ділжан Ерғалиев сынды ұстаздар сабақ берді. Қазіргі таңда биология пәнінен жас маман Дастан Сәлімов сабақ беруде.

Мектеп-гимназияда 7 «А», 8 «Б» және 9 «Ә» сынып оқушылары қазақ, орыс және ағылшын тілдерін, сонымен қатар биология пәнін ағылшын тілінде тереңдетіп оқиды. Пәнді жан-жақты меңгеру мақсатында пәндік онкүндіктер, кіріктірілген ашық сабақтар, тумасынан ағылшын тілінде сөйлейтін әртүрлі мамандық иелерімен кездесу, дөңгелек үстелдер, сыныптан тыс кештер мектеп-гимназиямызда жиі ұйымдастырылып тұрады. Оқушылардың тілдік қабілеттері мен пәндік құзыреттіліктерін арттыру мақсатында арнайы курстар мен қолданбалы курстардың да маңызы өте зор. Бұл орайда айта кететін жәйт, үштілді сыныптарда сабақ беретін жоғары санатты ұстаздарымыз, ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері Айгүл Ертуғанова мен Қорлан Ертуғанова – «Елтану», «Практикалық грамматика» қолданбалы курстарының авторлары.

Үштілді сыныптарда сабақ беретін қазақ тілі мен әдебиеті, сонымен қатар, орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімдері де өте тәжірибелі ұстаздар. Ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері де көп. 2014-2015 оқу жылы мектеп-гимназия ұстазы С.Темірбаева Республикалық «Үздік педагог-2015» байқауының жеңімпазы атанды. Мектеп-гимназия ұстаздары республикалық, қалалық деңгейдегі түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Атап айтар болсақ, «Қазақ тілінің үздік мұғалімі», «Үздік авторлық бағдарлама», «Тіл – дарын», «Үздік инновациялық жоба», «Дарынды шәкіртке – талантты ұстаз», «Республикалық инновациялық-педагогикалық идеялар жөніндегі фестиваль», т.с.с. кәсіби байқаулардың, «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ», «Сөз мерген», «Алтын көмбе», «Білгірлер бәйгесі» телевизиялық байқауларының жүлдегерлері.

Мектеп-гимназияда үштілді оқыту бағытында биология пәнін ағылшын тілінде тереңдетіп оқытылады. Оқушыларды ғылыми жұмыс жасауға баулу, олимпиадаларға қатысуға қызығушылығын арттыру мақсатында Ө.Оспанов атындағы қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтымен, «Жас натуралистер стансасымен» тығыз байланыс орнатылған. Оқушыларымыз Ресей Федерациясының Новосибирск қаласында өткізілген «ІІ Всероссийские Ковалевские молодежные чтения» байқауына қатысып, өздерінің ғылыми жобаларын қорғады. Институт ғалымдары жетекшілік ететін оқушыларымыз – биология пәні бойынша қалалық, республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайыстарының жүлдегерлері, қазіргі таңда С.Асфендияров атындағы медицина университетінің, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің биотехнология мамандығының, ҚҰАУ университетінің өсімдік қорғау және карантин, ветеринария мамандықтарының грант иегерлері.

Оқушыларымыз тілдік қабілеттерін жетілдіру мақсатында жылда Индия, Ұлыбритания, Польша мемлекеттеріне барып, тілдік курстар мен конференцияларға қатысып отырады. Мектеп-гимназиямыздың ағылшын тілін жетік меңгерген түлектері халықаралық үлгідегі сертификаттар иеленіп, Қытай, Малайзия, Ұлыбритания, Чехия, Түркия, АҚШ, Швеция мемлекеттерінің колледждері мен университеттерінде тегін білім алуда. Ағылшын тілі мен биологияға қоса, математика, физика, химия пәндерін жетік меңгерген мектебіміздің үздік түлектері – Р.Шыңтасова, Е.Төлеубай, А.Әріпхан – Назарбаев Университетінің грант иегерлері. Өткен 2014-2015 оқу жылы 106,75 балл көрсеткіш көрсетті.

Соңғы үш жылда 26 оқушы Республикалық ғылыми жоба байқауының, 36 оқушы халықаралық ғылыми жоба байқауының, 5 оқушы Республикалық олимпиада жүлдегерлері атанды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Мен бүгінгі ұрпақтың үш тіл білуін қолдаймын. Мемлекеттік тіл – мемлекетті құрушы ұлттың тілі, ал орыс тілін білу – ұлы байлық. Ағылшын тілі ілгерілеушілік пен технологиялардың тілі болғандықтан, біз оны үйренуге тиіспіз», – дейді. Бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіру үшін еліміздің индустрия, ғылым салаларын дамытуға бар күшімізді салуымыз қажет. Бұл орайда жас ұрпақ ағылшын тілін меңгеріп, оқушы кезінен-ақ әлемдік ғылым-білімнің әлемдік тілін іс-жүзінде қолдана алуы керек. Сол себепті, үш тілді білім беру бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар өте маңызды деп санаймыз, жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген үміттеміз.

Әсем ҚАШҚЫНБЕКОВА, М.Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназия директорының бейінді оқыту жөніндегі орынбасары.