Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстанның 56 жоғары оқу орны қатысқан VIII жазғы универсиаданың абсолюттік жеңімпазы атанды.
Республикалық жазғы универсиада еліміздің 9 жоғары оқу орнының спорт кешендерінде 56 жоғары оқу орнынан 5770 спортшының қатысуымен өтті. Жеңімпаздарға 516 медаль табысталды.
Командалық есепте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ спортшылары ең көп баллға ие болып, VIII жазғы универсиаданың жеңімпазы деп жарияланды. Қазақстандағы ең үздік университеттің спортшылары жарысқа спорттың 28 түрінен қатысты. Жарыста әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті спорттың 15 түрінен 1-орындарға ие болып, спортшылар жоғары дәрежедегі шеберлік деңгейін көрсетті. ҚазҰУ жалпы командалық есепте 1-орынды Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бөлісті. 2-орынды М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті иеленсе, 3-орынды М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті мен Семей мемлекеттік медициналық университеті өзара бөлісті.
Қазақстан жоғары оқу орындары арасында чемпион атағын ҚазҰУ төрт маусым қатарынан алып отыр. Мұндай жоғары көрсеткіш университеттің ғана емес, сонымен қатар еліміздің имиджін қалыптастыратындығы белгілі. Сондықтан бұл жоғары оқу орны басшылығы мен жаттықтырушылардың қажырлы еңбектерінің нәтижесі болса керек. Айта кетерлік жәйт, ҚазҰУ студенттері Виктория Зябкина, Никита Филиппов, Светлана Иванчукова және Юлия Рахманова осы жазда Кванджуда (Оңтүстік Корея) өткен халықаралық универсиада жеңімпаздары атанған болатын. Қазақстанның ұлттық құрамасындағы спортшылар жалпы алты алтын иеленсе, соның бесеуін ҚазҰУ студенттері алды.
Қазақстанның туын халықаралық аренада желбіретіп жүрген көптеген спорт саңлақтарын тәрбиелеген ҚазҰУ Қазақстанның студенттік спорт саласындағы үздіктердің үздігі екенін атап өту керек. Мәселен, 2014 жылы Инчхонда өткен XVII жазғы Азиада ойындарында ҚазҰУ студенттері 4 алтын, 2 күміс және 3 қола медальді қанжығаларына байлаған. Ал 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында ұлттық құрамада университеттің 11 студенті өз бақтарын сынап, Светлана Подобедова ұлт қоржынына алтын медальды салған болатын.
Университеттердегі жаппай спорттық сауықтыру шараларының өсімі елдегі дене шынықтыру жүйесінің қалыптасып жатқандығынан хабар береді. Мектептер мен лицейлердегі спортшылар ертеңгі студент, сол арқылы олар жоғары оқу орындарының арасындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыруда.
Білім және ғылым министрлігінің дене шынықтыру ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Бауыржан Рамазанов : «VIII жазғы Универсиада мемлекет деңгейіндегі іс-шара. Бұл шара спортшылар мен жаттықтырушылардың қажырлы еңбегімен қатар облыстық білім беру органдарының, аймақтық дене шынықтыру орталықтарының, спорт және туризм басқармасының, еліміздің университеттері мен Білім және ғылым министрлігінің үлкен ұйымдастырушылық және әдістемелік жұмыстарының нәтижесі», – деп атап өтті.