Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Фараби кітапханасында белгілі жазушы-публицист, ұстаз-ғалым Жұмабек Кенжалинді еске алуға арналған конференция өтті. Білім ордасының 90 жылдығына орай өткен іс-шара ТДМ-4 аясында өтті және оны ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасы ұйымдастырды.
Конференция барысында «Қазақстандық қоғамдағы ақпараттық үдерістер: медиа-менеджмент, маркетинг және PR» тақырыбында III Кенжалин оқулары мен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оның жұмысына мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, оқытушылар, докторанттар, магистранттар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жұмабек Кенжалин ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және медиа кафедрасының доценті болып жұмыс істеді, сондай-ақ «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры және редакторлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Оның «Саяси менеджмент және қоғаммен байланыс мәселелері» атты оқу құралы, сондай-ақ ақпараттық менеджмент және маркетинг бойынша ғылыми-әдістемелік талдамалары оқытушылар мен студенттердің игілігі үшін қызмет етуде. Конференция материалдары электронды жинақ түрінде жарияланады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі