Пенсильвания университетімен байланыс

26 қараша, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Пенсильвания штаты университетінің делегациясы келді. Оның құрамында инженерлік ғылымдар және механика саласындағы маман, профессор Слава В.Роткин және Хака атындағы Биомедициналық инженерия, химия және математика кафедрасының меңгерушісі, профессор Игорь Аронсон болды. Сапар аясында делегация ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевпен кездесті.

Қатысушылар екі университет арасындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын, ғылыми-білім беру саласындағы тәжірибе алмасу мәселелерін, сондай-ақ бірлескен зерттеу мүмкіндіктерін саралады.

Келіссөздер барысында профессор Слава В.Роткин Қазақстан әлеуетінің шексіз екенін  және ҚазҰУ-дың зор мүмкіндіктерін атап өтті. «Ғылыми саладағы ықтимал алмасулар мен байланыстардың бір бағыты профессорлармен ынтымақтастық орнату және менің ойымша, басқа елдерге қарағанда сіздермен бұл қарым-қатынас жоғары деңгейде болуы мүмкін. Адамды бірінші рет кездестіргенде оны түсіну үшін уақыт қажет. Адаммен тілдесіп, араңызда ортақ негіз бар екенін түсініп және бір оқулықтарды оқып, ғылымда ұқсас құндылықтармен бөліскен сәтте басқаша пікір қалыптасады. Біз белгілі бір жол картасын жасап, екі жақтан да шешілуі қажет міндеттерді орындауға кірісе аламыз деп үміттенемін», – деді профессор С.Роткин.

Тараптар пікір алмасып, ынтымақтастықты дамыту бойынша бірқатар мәселелерді талқылады.

Кездесу халықаралық байланыстарды нығайтудағы және білім беру бағдарламаларын дамытуға жәрдемдесудегі маңызды қадам болды. Пенсильвания университетінің делегациясы кездесуден кейін физика-техникалық, химия және химиялық технология факультеттері зертханаларының жұмысымен танысты.

​​​​​​​

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі