АҚШ профессоры тәжірибесімен бөлісті

27 қараша, 2024

Пенсильвания штаты университетінің профессоры Игорь Аронсон Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Қатерлі ісік терапиясы мен дәрі-дәрмектерді жеткізу үшін синтетикалық микромашиналарды қолдану» тақырыбында дәріс оқыды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың медицина және денсаулық сақтау, химия және химиялық технология, биология және биотехнология факультеттерінің студенттері онкологиялық ауруларды емдеудің инновациялық, жоғары технологиялық тәсілдері туралы әлемге әйгілі ғалымның өзінен білуге бірегей мүмкіндік алды.

Құрметті қонақты тыңдаушыларға Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Есбол Өміржанов таныстырды. Пенсильвания университетінің Биомедициналық инженерия, химия және математика кафедрасының профессоры Игорь Аронсон –   конденсацияланған күй физикасы, биофизика және математикалық модельдеу саласындағы танымал ғалым. «Дәріс сіздер үшін өте пайдалы болады деп ойлаймын. Сіз АҚШ-тағы қатерлі ісік терапиясын зерттеу саласында көптеген жаңа нәрселерді үйренесіз. Бұл өзекті тақырып үлкен әлеуетке ие, өйткені технология бүгінде ілгері жылжуда», – деп атап өтті Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры.

Дәріс басында профессор Аронсон АҚШ-тағы ірі ғылыми-зерттеу инфрақұрылымының бірі саналатын Пенсильвания штатының университеті туралы баяндады. «Дәрістің пәнаралық тақырыбы физика, биология, химия және медицинаның түйіскен жерінде, – деді лектор. –  Бүгін мен қатерлі ісік терапиясы мен дәрі-дәрмектерді жеткізу үшін синтетикалық микромашиналарды қолдану саласындағы соңғы зерттеулер туралы айтатын боламын, оның екі аспектісі – қатерлі ісікті емдеу үшін нано-қозғалтқыштарды қолдануға, сондай-ақ химиялық отынға арналған микромашиналарды қолдануға тоқталамын».

Дәрістен кейін профессор студенттердің жаңа нанотехнологиялар арқылы қатерлі ісік ауруын емдеудің жаңа әдістері туралы сұрақтарына жауап берді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі