Қос Президент ҚазҰУ филиалын ашты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің базасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалын ресми түрде ашты. Бұл тарихи оқиға Ресей Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында жүзеге асты.
Салтанатты шараға ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, РФ ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Константин Могилевский, ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев пен ОмМУ ректоры Сергей Замятин қатысты.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында: «Еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен шетелдік университеттердің филиалдары экономикамыздың басым салалары үшін ғалымдар мен білікті мамандарды жедел даярлауға тиіс», – деп атап өткен болатын.
Іс-шарада Саясат Нұрбек пен Константин Могилевский сөз сөйледі. «Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, аса құрметті Владимир Владимирович! Федор Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалын құру жұмыстары пысықталды. Филиал ашуға дайын», – деді.
Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев пен Ф.Достоевский атындағы ОмМУ ректоры Сергей Замятин бірге ҚазҰУ филиалының атауы жазылған тақтайшаны ашты.
Ресейдегі тұңғыш ашылған қазақстандық жоғары оқу орнының филиалы талапкерлерді 2025 жылдың қыркүйегінде қабылдайды. Қазақстан мен Ресей үкіметі студенттерді оқыту үшін арнайы 200 грант бөлді.
ҚазҰУ филиалы «Халықаралық құқық», «Қазақ филологиясы» және «Кеден ісі» сияқты білім беру бағдарламалары бойынша бакалаврлар мен магистранттарды даярлайды. Болашақта қосдипломды білім беру бағдарламасы жүзеге асырылмақ.
Жаңадан ашылған филиалда білім алушы жастарды қос университеттің оқытушылары оқытады. Дәрістер қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Болашақта шетелдік ғалымдарды тарту көзделіп отыр.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жаңа филиалы Фрунзе көшесінің бойындағы ОмМУ бас ғимаратының 6-қабатында орналасқан. Жалпы аумағы – 1620 шаршы метр. Қазіргі уақытта филиалда оқу-әдістемелік қызметке арналған 10 кабинет, басшылық пен оқытушы-профессорлар құрамы үшін 5 кабинет, 7 аудитория, сондай-ақ коворкинг-орталықтары бар. Филиалда арнайы Ш.Уәлиханов атындағы кеден ісі, Абай атындағы қазақ тілі және Н.Төреқұлов атындағы халықаралық құқық кабинеттері жасақталды.
Ресей Федерациясында жетекші қазақстандық ЖОО филиалының ашылуы Еуразиялық интеграция шеңберінде екі елдің ғылыми және білім беру әлеуетін дамытуға және одан әрі ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
Айта кетейік, ОмМУ – көпфункционалды білім беру, ғылыми-зерттеу және мәдени-ағарту кешені. Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университеті 1973 жылы құрылған. Бүгінгі таңда жоғары оқу орнында 1056 оқытушы мен қызметкер жұмыс істейді, 5740 студент оқиды. Университетте тоғыз факультет бар.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі