Ислам дүниетанымына талдау жасалды

28 қараша, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ислам перспективасындағы заманауи психология» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияның мақсаты – негізгі теориялық және практикалық аспектілерді зерттей отырып, психология саласындағы исламдық перспективаны ұсыну және талқылау.

Конференция ашылуында ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор м.а. Еркін Дүйсенов заманауи психология мен ислам дүниетанымының өзара әрекеттесуіне байланысты мәселелерді талқылауға арналған жиынның маңызын атап өтті. «Біз жаһандық өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз, онда дәстүрлі көзқарастар мен ғылыми тәсілдер жаңа сынақтарға тап болады. Бүгін біз ислам тұжырымдамалары психология мен психотерапияның заманауи әдістерін қалай дамыта алатынын және діни тәжірибені тереңірек түсіну үшін ғылымның қалай ықпал ететінін талқылау үшін ғалымдарды, зерттеушілер мен практиктерді жинадық. Біздің университет жетекші білім беру және ғылыми орталықтардың бірі ретінде  осындай маңызды пікірталастарға ерекше мән береді. Біз өзекті мәселелердің шешімін бірге табу үшін білім, идея және тәжірибе алмасу үшін кеңістік құруға тырысамыз», – деді бірінші проректор м.а. Еркін Дүйсенов.

Іс-шара барысында Малайя университетінің (Куала-Лумпур, Малайзия) Исламтану академиясының Ислам тарихы және өркениеті кафедрасының меңгерушісі Мохда Рослан Бин Мохда Нор, философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев құттықтау сөз сөйлеп, тақырыпқа орай өз ойларын білдірді.           

Философия ғылымының докторы, профессор Айнұр Құрманәлиева, постдокторант, ҚазҰУ-дың Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы Айнұр Қарыбаева, педагогика ғылымының кандидаты, Мәскеу мемлекеттік психология-педагогикалық университеті ФГБОУ көпмәдениетті білім беру этнопсихология және психологиялық мәселелер кафедрасының меңгерушісі Ольга Павлова, философия ғылымының докторы, Халықаралық қазақ-түрік университеті Дінтану кафедрасының профессоры Досай Кенжетаев және т.б. баяндама жасады.

Конференцияда «Ислам психологиясының негізгі аспектілері», «Ислам психологиясының айрықша белгілері», «Ислам перспективасындағы психологияның қазіргі мәселелері», «Дін психологиясы», «Ислам психологиясы және интернет-кеңістік», «Ислам психологиясының мәдени және әлеуметтік аспектілері», «Қазақстандағы ислам психологиясы» сияқты  тақырыптар қарастырылды. Ғалымдар психоэмоционалды өзгерістерді қолдауға, сондай-ақ практикалық жағдайлармен алмасуға бағытталған исламдық тәжірибелерді зерттеу мәселесіне ерекше назар аударды.

Ғалымдар атап өткендей, конференция психология мен ислам арасындағы байланысты орнату, ғылыми және мәдени байланыстарды нығайту үшін аса қажетті қадам болды.

Конференцияға әртүрлі елдердің жетекші ғалымдары, дінтанушылар, психологтар мен практиктер қатысты. Шара онлайн және офлайн форматта өтті. Ұйымдастырушылар: ҚазҰУ-дың Дінтану және мәдениеттану кафедрасы, Жалпы және қолданбалы психология кафедрасы, Халықаралық исламдық ой институты және Білім беруді интеграциялау институты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі