Еуразияның түркі әлемін зерделеу

28 қараша, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Еуразияның түркі әлемі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шара тарих ғылымының докторы, профессор Қалқаман Жұмағұловтың 75 жылдық мерейтойына арналды.

Конференция ашылуында тарих факультетінің деканы Досбол Байғонақов құттықтау сөз сөйлеп,  ғалымның жетістіктеріне тоқталды.

Қалқаман Тұрсынұлы – ҚР ҰҒА құрметті академигі, ҚазҰУ-дың Дүниежүзілік тарих, тарихнама және деректану кафедрасының профессоры, Дүниежүзі тарихын зерттеудің республикалық ғылыми орталығының директоры, Геттинген университетінің профессоры, «Құрмет» орденінің иегері.

Ғалым еңбек жолын 1972 жылы ҚазМУ-да Жалпыға бірдей тарих кафедрасының оқытушысы болып бастаған. Бүгінге дейін ассистент, кафедра меңгерушісі, профессор, факультет деканы және академикке дейінгі кәсіби өсу кезеңдерінен өтті.

«Парасат» кәсіподағының төрағасы, тарих ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор Талғат Мекебаев еліміз бойынша жалғыз ғалым – ДААД (Германия) халықаралық грантының алты дүркін иегері, профессор Қ.Жұмағұловтың елеулі табыстарын атап өтті.

Қалқаман Тұрсынұлы – тұңғыш қазақ тарихшы-медиевист, 500-ге тарта еңбектің авторы. Ғалымның жетекшілігімен 16 кандидаттық диссертация, 8 докторлық диссертация (PhD), және басқа да көптеген магистрлік диссертациялар қорғалды.  

Пленарлық отырыста ҚазҰУ-дың Дүниежүзілік тарих, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының кандидаты, профессор Рыскелді Мырзабекова, аталған білім ордасындағы Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор Берекет Кәрібаев, Археология, этнология және музейтану кафедрасының меңгерушісі Ринат Жұматаев және басқалар сөз сөйледі.

Конференция аясында профессор Қалқаман Жұмағұловтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ университеті» баспасынан шыққан  «Ғибратты ғұмыр» кітабының тұсаукесері және «Ватикан материалдары мен батыстың тарихи-мұрағат деректері бойынша Еуразияның түркі әлемі (V-XIV ғғ.)» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Ғылыми басқосуға қатысушылар «Еуразия әлемі: ертедегі түркілерден – Жошы ұлысына дейін», «Әлемдік қоғамдастық және Қазақстан қазіргі заманғы интеграция мен жаңғырту жағдайында» сынды басқа да тарих ғылымының өзекті тақырыптарын талқыға салды. «Еуразияның түркі әлемі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы «Ватикан материалдары мен батыстың тарихи-мұрағат деректері бойынша Еуразияның түркі әлемі (V-XIV ғғ.)»  жобасы аясында өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі