Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының директоры Ақан Әбдуәлімен шығармашылық кездесу өтті.
Журналистика факультеті ұйымдастырған кездесуге оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.
Іс-шараны журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай құттықтау сөзбен ашып, Ақан Жылқышыбайұлының қазақ дәстүрлі ән өнерін насихаттап, дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.
Өз кезегінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ақан Әбдуәлі шығармашылық кездесу ұйымдастырғаны үшін оқу ордасының басшылығы мен ұжымына ризашылығын жеткізді.
«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен үшін ерекше ыстық. Осы білім ордасында тәлім алған талантты тұлғалармен көп араласып, шапағатын көрдім. Көшбасшы университеттің студенттерімен кездесу мен үшін үлкен қуаныш», – деп ықыласын білдірді.
Құрметті қонақ өзінің өнердегі жолына тоқталып, сахнаға алғаш шыққан уақыттарын еске алды. «1987 жылы белгілі айтыскер Оразалы Досбосынов екеуміз ең бірінші айтысқа шыққанбыз. Бойымыз аласа болғандықтан, орындыққа отырғанда аяғымыз жерге тимейтін. Сол уақыттан бастап қазақ сахнасында өнер көрсетіп келе жатырмын. Айтысқа да, киноға да түстім. Ән айтып, қисса-дастандарды, жыр-термелерді жырладым. Алдағы уақытта да шығармашылық бағытта еңбек ете беремін деп ойлаймын», – деді Ақан Әбдуәлі.
Жүздесу барысында Ақан Жылқышыбайұлы танымал жыршы-термешілердің шығармаларын, дәстүрлі әндерді домбырамен орындап берді.
Еркін форматта өткен кездесуде ҚазҰУ қонағы білім алушы жастардың сауалдарына жауап беріп, қоғамдағы рухани тәрбие мен мәдениет, өнерге қатысты ойларын ортаға салды.
Шығармашылық кездесуден кейін қатысушылар естелік суретке түсіп, әсерлерімен бөлісті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі