Маликуссале университетімен серіктестік орнайды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы Маликуссале университеті (Индонезия) делегациясымен кездесті. Тараптар өзара тиімді серіктестіктің негізгі бағыттарын айқындап, алдағы ынтымақтастық бағыттарын пысықтады.
ҚазҰУ Басқарма төрағасының орынбасары – бірінші проректор м.а. Еркін Дүйсенов қонақтарды университет жетістіктерімен таныстырып, халықаралық ғылыми байланыстарға тоқталды.
Соңғы жылдары Қазақстан мен Индонезия арасындағы екіжақты экономикалық және сауда ынтымақтастығының әлеуеті артып келеді, бұл академиялық және ғылыми алмасулар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда.
Бүгінде ҚазҰУ осы елдегі Индонезия университетімен, Джогякарта мемлекеттік университетімен, Сұлтан Сариф Қасым II мемлекеттік ислам және Даруссалам Гонтора университеттерімен тікелей әріптестік қарым-қатынас орнатты.
Ынтымақтастық бағыттар: оқытушылар мен студенттер алмасу, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру, профессорлар шақыру, PhD докторанттарға жетекшілікті жүзеге асыру.
2023/24 оқу жылында ҚазҰУ-дың бес оқытушысы Индонезия оқу орындарына жіберілді. Қазіргі уақытта Индонезиядан 10 студент Қазақстандағы стипендиялық бағдарлама аясында ҚазҰУ-да оқиды. «ҚазҰУ-дың Индонезия жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық әлеуеті өте жоғары, сондықтан біз әріптестікті арттыруға және қызықты бірлескен жобалар мен бастамаларды іске асыруға дайынбыз», – деп атап өтті Еркін Ерманұлы.
Өз кезегінде профессор, Маликуссале (UNIMAL) университетінің ректоры Инж Херман Фитра ҚазҰУ басшылығына өздерінің жоғары оқу орны туралы баяндады. UNIMAL Реулеует қаласында орналасқан. 1969 жылы ашылған университет және елдегі ең жас ЖОО болып саналады. Ректордың пікірінше, екі елдің жоғары оқу орындары бірлескен жобаларды іске асыру, академиялық алмасу және басқа да бастамалар бойынша болашағы зор.
Тараптар серіктестікті дамыту мәселелерін, ынтымақтастықтың жаңа бағыттары мен перспективаларын талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі