«Дінтану негіздері және зайырлылық»

8 желтоқсан, 2015

ҚазҰУ Біліктілікті Арттыру Институты және дінтану мәселелерін зерттеу мен сараптама орталығының және Қызылорда қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Дінтану негіздері және Зайырлылық» тақырыбында «дінтану» пәні мұғалімдеріне арналған семинар өтті.

Семинарға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, философия және саясаттану факультеті деканының ғылыми инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Мейірбаев Бекжан Берікбайұлы қатысты.

Семинар барысында «Зайырлы мемлекеттегі құқықтар мен құндылықтар», «Дінтану негіздері және Зайырлылық» атты тақырыптарда дәрістер тыңдалып, теріс ағым идеологиясын ашып көрсететін деректі фильмдер мен бейнероликтер көрсетілді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н Назарбаев «Зайырлы мемлекет пен қоғам бұл – біздің тарихи таңдауымыз. Зайырлы атеистік дегенді білдірмейді. Зайырлы дегеніміз бұл – озық, толерантты, ашық қоғам. Біз дәстүрлі діндерге қолдау көрсетіп, кез келген экстремизм түрін үзілді-кесілді мойындамаймыз. Жастарды радикалды діни ағымдардан қорғауымыз қажеттігіне сенімдімін. Сондықтан Қазақстанның діни қайраткерлері бұл жолда жұмыс атқарады деп ойлаймын»,- деп атап көрсетті.

Дінтану пәнінің оқытылу аясын кеңейту еліміздегі казіргі діни ахуал және конфессиялық кеңістіктің алуан түрлілігі жағдайында да маңызды. Орта мектептерде дінтану бағытында жүйелі әрі сапалы білімнің берілуі болашақта еліміздің ішкі тұрақтылығына септігін тигізеді.

Іс-шара 2015жылдың 24-25 қараша аралығында Қызылорда қаласындағы № 12 орта мектепте өтті. Семинарға Қызылорда, Қазалы, Арал, Жалағаш, Шиелі т.б аудандардан дінтану пәнінен сабақ беретін мұғалімдер қатысты.