Музейлік өлкетану және этнографиялық зерттеулер: А.Б. Қалыштың ғылыми дәрісі

22 қараша, 2024

Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) №17 "Мақсатқа қол жеткізу үшін ынтымақтастық" бағыты аясында Әбіш Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Тарих факультеті, Археология, этнология және музеология кафедрасында ғылыми тағылымдама және ғылыми біліктіліктен өтуде.

Тағылымдама барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Б. Қалыш "Қазақстан музейлерінің «тарихи өлкетану» бағытындағы ғылыми зерттеулерінің қалыптасу тарихы: музейлік тарихи өлкетануды дамытудың өзекті мәселелері және «Қазақстандағы түрікмендер» монографиясының таныстырылымы" тақырыбында дәріс оқыды.

Дәріс барысында Қазақстандағы музейлік өлкетанудың ғылыми-тарихи қалыптасу жолдары, оның заманауи зерттеулердегі маңызы және болашақ даму бағыттары кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, профессор А.Б. Қалыш «Қазақстандағы түрікмендер» монографиясының мазмұны мен негізгі тұжырымдары туралы баяндап, бұл еңбектің Қазақстанның этнографиялық мұрасын зерттеудегі ерекше рөлін атап өтті.