«Таза су тұрақты даму фундаменті ретінде» тақырыбындағы тәрбие сағаттары
2024 жылдың 28-29 қараша күндері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығы мерейтойына орай БҰҰ Тұрақты даму бағдарламасының (ЦУР) 6-шы «Су және санитария» және 17-ші «Тұрақты даму мақсаттары үшін серіктестік» мақсаттарына сәйкес «Таза су тұрақты даму фундаменті ретінде» тақырыбында магистранттармен тәрбие сағаттары өткізілді. Мұндай маңызды іс-шараны Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының доценті Б.Иманбекова жетекшілігімен «Гидрология» мамандығының 1-ші курс докторанттары А. Темиржанова мен Р. Ырысбек ұйымдастырды.
Тәрбие сағаттары География және су қауіпсіздігі институты және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті базасында өткізілді. Іс-шараға ҚазҰУ-нің «Гидрология» мамандығының 1 және 2 курс магистранттары мен аталған мекеме қызметкерлері, барлығы 30 адам белсене қатысты.
Іс-шара қатысушыларына тағайындалған тақырып аясында құттықтау сөзімен Гидрохимия және экологиялық токсикология зертханасының меңгерушісі, PhD, доцент Мадибеков Азамат Сансызбаевич және «Су ресурстары және мелиорация» кафедрасының PhD, аға оқытушысы Оңласын Ұлжан Қуанышбекқызы сөз сөйледі. Олар оқыту сабағының негізгі мақсаттары мен міндеттерін таныстырып, талқыланатын тақырыптың қатысушылардың кәсіби және тұлғалық дамуына қосатын маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, олар алған білімдерді практикада қолданудың маңыздылығын атап өтіп, сабақтың тақырыбына қатысты саладағы зерттеулердің мәнін түсіндірді.
Тәрбие сағаты барысында магистранттар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіндегі Су хабы – халық аралық зерттеу орталығының және География және су қауіпсіздігі институтының негізгі бағыттарымен, су тазалаудың үздік инновациялық технологияларымен танысып, су хабының жаңа білімді іздеу және трансферттеу, оларды жергілікті жағдайларға бейімдеу, су ресурстарын тиімді басқару үшін Қазақстан мен Орталық Азияның барлық су ғалымдарының күш-жігерін шоғырландырудың маңызын түсінді.
Сонымен қатар болашақ мамандар Қазақстандағы су ресурстарын басқарудың қазіргі кездегі маңызды мәселелерімен, оны шешуге гидрология саласындағы кәсіби білімдерін болашақта қалай қолдану жолдарын практик мамандармен қызу талқылады. Тәрбие сағаты магистранттардың БҰҰ тұрақты даму бағдарламасы аясында өз мамандықтарының құндылығын саналы түрде түсініп, мамандықтарын мақтанышы ретінде сезінуіне ықпал етуімен мақсатына жетті деуге болады.