Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік іс-шара өтті

9 желтоқсан, 2015

Түрксой кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шара өтті.

Шараның қонақтары ретінде - Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулының көмекшісі Алтай Алпер, KATİAD ұйымының Бас хатшысы Ахмет Аляз, Түркі халықтары мәдениет қорының төрағасы Ахмет Дағдұран, Еуразия зерттеулер институтының директоры Невзат Шимшек, түрік-қазақ ерікті елшілер Қоғамының төрайымы Хыфзие Өздеде Кавак, шығыстану факультетінің деканы, профессор Жұбатова Баян Нұрсұлтанқызы, Түрксой кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Тұрғанбаев Асқар Әбдуәлиұлы, сондай-ақ, Түркияның іскер азаматтары қатысты. Мәдени шараның шымылдығы профессор Б.Н.Жұбатова мен Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулының көмекшісі Алтай Алпер мырзаның құттықтау сөзімен түрілді.

Мәдени шарада желтоқсан оқиғасы туралы «Желтоқсан ызғары» атты слайд қонақтардың көзіне жас үйіртсе, оның соңын ала 3-курс студенттерінің орындауындағы «Желтоқсан желі» әні жүректерді сыздатқаны белгілі. 1-курс студенттері дайындаған Желтоқсан оқиғасының құрбаны – Қайрат Рысқұлбековтың түрмеде көрген теперішін бейнелейтін қойылым денені түршіктіріп жіберді. Әсіресе, Қайраттың рөліндегі 1-курс студенті Алдияр Байғара мен жендет рөліндегі Дәулет Тохпулатов образдарды сомдауда көпшілікті таланттарымен тәнті етті.

Қазақ-түрік байланыстарының анық көрінісі іспеттес Мағжан Жұмабаевтың «Алыстағы бауырыма» атты өлеңін 4-курс студенті Құралай Бекен нақышына келтіріп оқыса, оған бір ғасырдан соң жазылған жауабын түрік тілінде Раушан оқыды. 3-курс студенттері оқыған Отан, Тәуелсіздік туралы жалынды жырлар тыңдармандардың патриоттық сезімін оятқаны анық. Ал «Көк тудың желбірегені», «Беним мемлекетим» әндері көпшіліктің көңілінен шыққаны рас. Қазақ биі мен түріктің халай биіне де көрермен дән риза болды. Мәдени шара «Атамекен» әнімен өз мәресіне жетті.