Түрік тілі оқытушыларына арналған семинар

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Тұрақты даму мақсаттары: сапалы білім» жобасы аясында «Қазақстанда түрік тілін оқыту» атты түрік тілі оқытушыларына арналған бір айлық біліктілікті арттыру семинары өтті.
Шараны ҚазҰУ-дың Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасы мен Ибн Халдун университеті (Түркия) бірлесе ұйымдастырды.
Семинар жоғары оқу орны оқытушыларының ақпараттық-коммуникативтік технологияларды қолдану бойынша біліктілігін арттыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерімен танысу, сөздік қорын байыту және түрік тілін оқыту процесінде студенттердің тілдік дағдыларын дамытуға арналған.
Семинар-тренингте Ибн Халдун және Гази (Анкара) университеттері, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Юнус Емре және Ыстамбұл университеттерінің оқытушы-профессорлары мазмұнды жиын өткізіп, шет тілі мен заманауи технологияларды оқытуды цифрландыру бойынша озық педагогикалық тәжірибелерімен бөлісті.
Жиынға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті және Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.
Қатысушылар семинарды ұйымдастырған ҚазҰУ-дың Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасы мен Ибн Халдун (Түркия) университетінің ұжымына алғыстарын білдірді.
Аталған жиынның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Ибн Халдун университетінің оқытушылары Фуркан Алпат, Харун Аксу, Румейса Шишман, Мелике Нур Чеп, Мердие Мансур, Сумейра Бозкурт Кахриман, Шура Файзиев, Гүл Гөнүлташ Севинчгил және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасының профессоры м.а., PhD Құрманәлі Алтыншаш алғыс хаттармен марапатталды.
Біліктілікті арттыру семинарын табысты аяқтаған түрік тілі оқытушыларына 80 сағаттық халықаралық сертификат табысталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

