Мен жастарға сенемін
...Сұңқары кең самғаған тынысы кең.
Тұлпары жаңылмаған жүрісінен,
Еркіндік күле қарап келген маған,
Кестелі том-том тарих тігісінен.
Хан тағыңнан нұр шықты қайран, ғажап,
Алқабыңнан ақыры айдалды азап.
Барыс ұлдың бағдарын биіктеткен,
Намысыңның ұртында шайнал Қазақ.
Тірі тарих төсінде толғатумен,
Еркіндікті тудырған Қайран Қазақ, - деп жырлаған жас ақын Мұқағали Кенжетайұлы шабыттың шырқау шыңына шығып, талантының таза бағасын алды.
ҚазҰУ-да тұңғыш Президент күніне арналған «Мен жастарға сенемін!» атты III республикалың патриоттық жастар фестиваліне қатысушылардың рухының асқақтығы өлеңнің әрбір тармағынан сезіліп-ақ тұр. Фестивальге республикамыздың түкпір-түкпірінен Мұқағали сынды дарынды және талантты патриот жастар, инновациялық жобалар мен шығармашылық туындылардың авторлары жиналды.
«Сіздер тәуелсіздіктің құрдастарысыздар. Осы тәуелсіздігімізді жоғалтпау, оның мәңгі болуы сіздерге байланысты. Фестивальдің басты мақсаты осында отырған әрбір жасқа «Мен елімнің гүлденуі үшін не істей аламын» деген ой салу. Дамыған елдердің атын атай бастасақ, бірден сондағы жастардың отансүйгіштік деңгейі мен сол елдің тұрғындарының рухының биіктігі көз алдымызға келеді. Бір ғана Жапонияның өзі қандай мысал бола алады. Бізге ең керегі - Көк тудың желбірегені. Сіздер сияқты патриот жастар барда биікке қадаған туымыз жығылмайды», - деп ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов жастарға деген сенімін білдірді.
Ауқымды- іс-шараға ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Жазушылар Одағы, «Жас Отан» жастар қанаты және Алматы қаласы әкімдігі қолдау көрсетті. «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры Жұмабек Кенжалин, «Жұлдыз» әдеби журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулет, «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлім, «Егемен Қазақстан» Республикалың газетінің Алматы бөлімі жетекшісі Қорғанбек Аманжол, ақын Бақыт Беделхан, «Ақиқат» журналының бас редакторының орынбасары Қыдырәлі Қойтай, «ҚАЗАҚСТАН-ZAMAN» ЖШС бас директоры Серікхан Хастүркгала форумның арнайы қонағы болды.
Ұйымдастыру комитетіне еліміздің 60-тан аса жоғары оқу орнынан барлығы 636 жұмыс келіп түскен. Олардың ішінде ерекше авторлық жобалар мен шығармалар, сондай-ақ ұжымдық еңбектер де бар. Іріктеу кезеңінде 200 үздік жоба анықталып, жоба авторлары фестивальдің гала-форумына шақырту алды. Байқау жеңімпаздарын анықтауда қатысушылар ұсынған туындылардың шынайылығы, шешімдерінің ерекшелілігі, ойлау қабілетінің ұшқырлығы, тұжырымдамалығы, шығармашылық әлеуеті сияқты мәселелер басты назарда болды.
«Мен жастарға сенемін» патриоттық фестивалінің гала-форумының жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан студенттері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу гранты сертификатына және арнайы сыйлықтарға ие болды. «Менің ел дамуына қосқан нақты үлесім» атты студентгік инновациялық жобалар байқауында О.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің студенттері Ерасыл Сағындық мен Бекнұр Бектұрсын, «Мен өз елімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» атты эссе бағыты бойынша ҚР MM комитетіне қарасты Көкшетау техникалық институтының 3-курс курсанты Нұрмұхамбет Бостанбек, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенті Мұқағали Кенжетайұлы студенттік поэзиялық азаматтық-патриоттық шығармалар байқауында жалынды жыры мен ақындық талантымен кезге түссе, «Мәңгілік ел - мұратым!» патриоттың ән байқауында Еуразия технологиялық университетінің студенті Әбдихан Әуезхан фестивальдің жеңімпазы атанды.
Нұрмұхамбет Бостанбек, фестиваль жеңімпазы:
- Мен, осындай ауқымды іс-шараға қатысушы ретінде ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта осындай шаралар көптеп ұйдастырылса деймін. Біз түрлі аймақтардан келген патриот жастармен танысуға үлкен мүмкіндік алдық. Мен елімнің гүлденуі үшін не істей аламын деп жүре бермей, шын атсалысып, білек сыбана еңбек ету керек деп ойлаймын. Елі үшін аянбайтын ерлер көп болсын.
Қазақстанның жалынды жастары қазақ елінің көркейіп дамуына, қолда бар беделі мен тәуелсіздік тұғырының биік болуына еңбек етуі - болашағымыздың жарқын боларының кепілі. Өскелең ұрпақ, мына саған, Мағжан атаң «Мен жастарға сенемін», - деп үміт арқалап кеткен. Сенімді ақтар ұл мен қыз аман болғай!