Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз!

11 желтоқсан, 2015

Ағымдағы жылдың 8 желтоқсанында №14 студенттер үйінде халықаралық қатынастар факультеті дипломатиялық аударма кафедрасының оқытушылары мен МО51K тобының студенттерінің қатысуымен Қазақстан тәуелсіздігіне 24 жыл толуына орай «Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз» атты іс-шара өтті. Бұл іс-шараның мақсаты – Қазақстанның тәуелсіздігіне үлес қосқан аға-әпкелеріміздің ерен ерліктерін болашақ жастарға дәріптеу.

Тәуелсіздік біз үшін өте қымбат. Тәуелсіздігіміз әр қазақстандықтың жүрегінде ерекше орын алады. Тәуелсіздік бодан болған уақытта сан-саққа бұрмаланған тарихымызды, ана тілімізді, дінімізді, ділімізді қаз-қаз тұрғызып, «қазақ» деген атауды қайта жаңғыртты. Азаттықтың жолында ата-бабамыз, аға-әпкелеріміз қаншама қан мен тер төкті. Сәбира, Ляззат, Қайрат сияқты жаужүрек батырларымыз Тәуелсіз мемлекет болуымыз үшін қайтадан бас көтерді. Осындай азаматтарымыздың арқасында 1991 жылы 16 желтоқсан Қазақстан Тәуелсіз Республика болып жарияланды.

Шара өте жоғары деңгейде өтті. Соның бір дәлелі Халықаралық қатынастар мамандығының 2-курс студенті Қосщанов Мұратжанның Тәуелсіздік күніне арнаған өзінің жүрекжарды өлеңі.

Қара жер сол күні іліп бір қайғы,

Қара аспан мұңын бүгіп тұрмайды.

Сексен алтыңды, қайран қазағым,

Желтоқсан мәңгі ұмыта алмайды.

Ұл қызға биік қадар ақ туын,

Жалғанда жалған жала жапты мың.

Қайратқа айбат шектірген күнмен,

Қазағым тартқан әр азап мұңын.

Азан боп тұрсын ұлы таңдағы ән,

Шындық пен құлақ шыңы тар ғалам.

Тастемір кеткен жүректері, ей,

Бір тамшы жаста жібете алмаған.

Желтоқсан түсер есіме әріқайғы,

Бір Алла бәрін шешіп аңдайды.

Бір оқпен шешкен бір ғұмырларды,

Жүректен ешкім өшіре алмайды.

Бұл іс-шарада студенттер өздерінің жоғары белсенділігімен көзге түсті, соның ішінде желтоқсан оқиғасына байланысты көрініс қойылды және халықаралық қатынастар мамандығы студенттерінің орындауындағы «Желтоқсан желі» атты ән айтылды. Халықаралық қатынастар мамандығы студенті Көшімбай Аиданың орындауында «Ата толғауы» күйі шебер орындалды. Ал Мұхамеджанова Әсем өзінің талай қиындықтан сүрінбей өткен қазақ халқына арнаған өлеңін оқыды. 24 жыл ішінде көптеген жетістіктерге жетіп, қазақ елін көркейтіп, дүние жүзіне таныта білдік. Бұл– үлкен жетістік. Әрине, бұл күн бізге оңайлықпен келген жоқ. Міне, бүгінгі күнде жастар бақытты елде өмір сүріп жатырмыз деп толық сеніммен айта аламыз. Өйткені, біз қазақ халқы ата бабамыз аңсаған тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. «Отан үшін отқа түс, күймейсің» дегендей, отан үшін өмірін қиғандардың есімдері, әрқашан халықтың жүрегінде сақталады. Жастар ел ертеңі. Елімізді әрі қарай көркейтетін, міне, осы жастар!

Дипломатиялық аударма кафедрасының

аға оқытушысы Джамалдинова М.Т.

Халықаралық қатынастар 51Қ тобының студенттері