ҚазҰУ студенттерінің «Samal» екінші зауытына экскурсиясы: гидротехника бойынша ерекше тәжірибе және практикалық сабақ

4 желтоқсан, 2024

2024 жылдың 2 желтоқсанында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 3-курс студенттері «Метеорология және гидрология» кафедрасының аға оқытушысы Казакбаева Турдибуви Масымжановна мен кафедра магистранты Ахметова Райбанудың жетекшілігімен Алматы қаласындағы «Samal» су зауытының екінші өндіріс орнында болды. Экскурсия «Гидротехника» пәні аясында ұйымдастырылып, Тұрақты даму мақсаттарының №6 – «Таза су және санитария» бағытына арналды. Бұл болашақ гидротехник-гидрологтар үшін маңызды практикалық сабақ болды.

«Samal» зауытының бірінші өндірісі 2009 жылы іске қосылып, халықаралық стандарттарға сай жоғары сапалы ауыз су өндірумен айналысады. Ал 2024 жылы ашылған екінші зауыт – заманауи су тазарту кешені, ол сүзу және сапаны бақылау бойынша озық технологиялармен жабдықталған. Зауыт су өндіру, тазарту және оны бөлшек және корпоративтік сатылымға құюмен айналысады.

Экскурсияның ерекше бөлімі – стандартты бағдарламаларға кірмейтін су тазарту қондырғыларына қолжетімділік болды. Экскурсия барысында студенттер суды өндіру мен тазарту үдерісін толық зерттеді. Олар ыдыстарды ақауға тексеру және санитарлық өңдеу үдерісін бақылап, зауыттың ең маңызды бөлігі – 250 метрден астам тереңдікте орналасқан скважинаны өз көздерімен көрді. Бұл сапар студенттерге теориялық білімдерін практикада қолдануға мүмкіндік берді. Ерекше назар насос жүйелерінің жұмысына, су ағынын есептеуге және сүзу үдерісіне аударылды. Мұндай тәжірибе болашақ мамандарға гидротехниканың нақты міндеттерін тереңірек түсінуге көмектеседі.

«Samal» зауытына экскурсия ҚазҰУ студенттері үшін ерекше мүмкіндік болды. Ол тұрақты су ресурстарын пайдалану маңыздылығын көрсетіп, заманауи технологиялардың суды тазарту және ұтымды пайдалану мәселелерін қалай шешетінін таныстырды. Кафедра және студенттер атынан «Керемет Су СКЕ» компаниясына экскурсия ұйымдастырғаны үшін алғысымызды білдіреміз.